ҚазҰУ ғалымдары халықаралық ғылыми жобаларға гранттар жеңіп алды
PolyU-KazNU Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығында ғылыми ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары PolyU–KazNU Joint Research Projects 2025 бағдарламасы аясында қолдау тапқан төрт бірлескен зерттеу жобасын іске асыру үшін гранттық қаржыландыру жеңіп алды.
Жобалардың жалпы қаржыландыру көлемі 1 млн гонконг долларын құрайды, ал әр жобаға 250 мың HKD көлемінде грант бөлінді. Зерттеулер The Hong Kong Polytechnic University (PolyU) ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырылып, Орталық Азия елдеріндегі тұрақты даму, цифрлық трансформация, тұрақты туризм және әлеуметтік тұрақтылық салаларында іргелі, әрі қолданбалы шешімдер әзірлеуге бағытталған.
Бұл бастамалардың маңызды ерекшелігі – пәнаралық сипаты. Зерттеулер туристік үдерістерді талдауды, цифрлық мониторинг әдістерін, әлеуметтік және басқарушылық тәсілдерді, сондай-ақ аумақтарды дамыту мен әлеуметтік осал топтарды қолдауға арналған практикалық шешімдерді біріктіреді.
Жобалар:
1) Empowering Communities Through Destination Marketing: A Sustainable Approach to Promoting Community-Based Tourism in Rural Kazakhstan.
Жоба Қазақстанның ауылдық туристік аумақтарын ілгерілетудің тұрақты модельдерін жергілікті қауымдастықтардың белсенді қатысуына негіздей отырып әзірлеуге бағытталған. Зерттеу аясында дестинациялық маркетинг жергілікті халықтың экономикалық қатысуын арттыруға, жергілікті бастамаларды қолдауға және туристік өнімнің неғұрлым тұрақты құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, ауылдық дестинациялардың табиғи және әлеуметтік ресурстарға шамадан тыс қысым түсірмей, өзіндік ерекшелігін сақтай отырып бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін коммуникация, позициялау және серіктестік форматтары талданады. Жоба жетекшілері: Dr Mahlagha Darvis Hmotevali (PI, PolyU жоба үйлестірушісі), Dr Aliya Aktymbayeva (KazNU Co-PI).

2) Invisible (Shadow) Overload: Detecting Tourism Pressure through Digital Trace Analysis in Under-Instrumented Natural Landscapes of Central Asia.
Бұл жоба табиғи аумақтарды басқарудағы күрделі практикалық мәселелердің біріне – жеткілікті өлшеу инфрақұрылымы мен тұрақты мониторингі жоқ жағдайларда туристік жүктемені анықтау және бағалауға арналған. Зерттеу тобы туристік белсенділіктің цифрлық іздерін талдау арқылы «жасырын» жүктемені (shadow overload) тіркеп, әлеуетті тәуекел аймақтарын анықтауға және басқарушылық шешімдер үшін неғұрлым дәл деректер базасын қалыптастыруға бағытталған. Жоба жетекшілері: Dr Faye Hao (PI, PolyU жоба үйлестірушісі), Dr Yeldar Nuruly (KazNU Co-PI), Dr Akmaral Sapiyeva (KazNU Co-PI).

3) Empowerment-Based Community Tourism Development in Rural Kazakhstan: A Model for Sustainable Socio-Economic Growth.
Жоба туризм арқылы ауылдық аумақтардың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған модельді әзірлеуге бағытталған. Модель empowerment қағидаттарына – жергілікті қауымдастықтардың әлеуетін күшейтуге, шешім қабылдауға, туристік өнімдерді қалыптастыруға және пайдаларды бөлуге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге негізделеді. Зерттеу ауылдық аумақтардың тек туристерді қабылдаумен шектелмей, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамтуды арттыру, адами капиталды нығайту және өмір сапасын ұзақ мерзімді жақсартуға бағытталған тұрақты даму жүйесін қалыптастыру тетіктерін қамтиды. Жоба жетекшілері: Dr Yang Zhan (PI, PolyU жоба үйлестірушісі), Dr Gulbaram Kulakhmetova (KazNU Co-PI), Dr Nan Chen (PolyU Co-PI).

4) Mapping Inclusive Innovations in Support Services for Disadvantaged Youth: Comparative Case Study in Central Asia and Hong Kong.
Бұл жоба тұрақты дамудың әлеуметтік өлшемін қамтып, Орталық Азия елдері мен Гонконгтағы әлеуметтік осал жастарды қолдау жүйелеріндегі инклюзивті инновацияларды салыстырмалы талдауға бағытталған. Зерттеудің мақсаты – қолдау көрсетудің тиімді тәжірибелерін анықтап, қызметтердің қолжетімділігі, қатыстылығы, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және әлеуметтік тұрақтылық тұрғысынан ең нәтижелі шешімдер мен модельдерді айқындау. Жобаның қолданбалы әлеуеті жоғары және жастарды қолдау мен әлеуметтік бағыттағы сервистерді дамытуға негіз бола алады. Жоба жетекшілері: Prof Eric Wing Hong Chui (PI, PolyU жоба үйлестірушісі), Prof Gulmira Abdiraiymova (KazNU Co-PI).

Жобалардың Орталықты дамытудағы маңызы
PolyU–KazNU Joint Research Projects 2025 аясында төрт жобаның іске қосылуы PolyU–KazNU Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының өзекті тұрақты даму бағыттары бойынша ғылыми негізделген шешімдер қалыптастыратын белсенді зерттеу алаңы ретіндегі рөлін күшейтеді. КазҰУ үшін бұл халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту ғана емес, туризм, цифрлық технологиялар, тұрақты басқару және әлеуметтік зерттеулерді біріктіретін пәнаралық ғылыми мектепті нығайту болып табылады.
Жобаларды іске асыру зерттеу топтарының тығыз өзара әрекеттестігін, ғылыми тәсілдер алмасуын және бірлескен зерттеу траекторияларын дамытуды көздейді, бұл өңірде болашақ бастамалар мен практикалық нәтижелер үшін берік негіз қалыптастырады.