Сеул киберуниверситетімен байланыс орнады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Сеул киберуниверситетінің халықаралық байланыс жөніндегі проректоры Хо Мёён және оқу бөлімі бойынша проректор Чон Санвонды қабылдады.
Кездесу барысында тараптар екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың халықаралық серіктестікке ашық екенін атап өтіп, Сеул киберуниверситетімен байланыс орнату университеттің білім беру және ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар ректор заманауи онлайн білім беру жүйелерінің маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы корей тәжірибесінің құнды екенін жеткізді.
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев киберқауіпсіздік бағытында ҚазҰУ базасында бірлескен ғылыми орталық ашуды ұсынды.
Өз кезегінде Хо Мёён мен Чон Санвон Сеул киберуниверситетінің білім беру саласындағы жетістіктері туралы ақпарат беріп, ҚазҰУ-мен ортақ жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді. Проректорлар студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен курстар мен сертификаттық бағдарламалар әзірлеу мүмкіндіктерін атап өтті.
Жүздесу соңында тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою және нақты бағыттар бойынша жұмыс тобын құру жөнінде уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар