Қазақстандағы мұсылман әйелдерінің орны мен рөліне қатысты заманауи зерттеулер
2025 жылғы 22 желтоқсанда Алламе Табатабаи атындағы университеттің (АТУ) Орталық кітапханасында «Ислам құндылықтары және заманауи әйел: сыни дискурс» тақырыбында халықаралық семинар өтті.
Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 5-мақсаты – Гендерлік теңдік аясында ұйымдастырылып, қазіргі қоғамдағы әйелдердің әлеуметтік, мәдени және рухани рөлін ғылыми тұрғыда талдауға бағытталды.
Семинар барысында Қазақстандағы мұсылман әйелдерінің орны мен рөліне қатысты заманауи зерттеулер ұсынылды. Аталған тақырып бойынша негізгі баяндаманы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы жасады. Баяндамада Қазақстан қоғамындағы мұсылман әйел бейнесінің эволюциясы, діни құндылықтар мен заманауи әлеуметтік үдерістердің өзара ықпалы, сондай-ақ гендерлік теңдік мәселелерінің мәдени-философиялық қырлары кеңінен талқыланды.
Іс-шара ғылыми қауымдастық өкілдері мен білім алушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, мәдениетаралық диалог пен академиялық ынтымақтастықты дамытуға өз үлесін қосты.