Дүниежүзілік философия күні: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да адамзат болашағы мен жасанды интеллект мәселелері талқыландыFarabi University

Дүниежүзілік философия күні: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да адамзат болашағы мен жасанды интеллект мәселелері талқыланды

23 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірі – «Сапалы білім беру» (ТДМ №4) бағыты аясында маңызды іс-шара ұйымдастырылды. 2025 жылғы 23 қарашада Дүниежүзілік философия күніне орай Нұрғалиев Қанат Тоқтарбекұлының жетекшілігімен өткен «Адамзаттың болашағы — философияның болашағы» атты пікір алмасу кеші студенттер мен оқытушылар қауымын біріктірді.

Іс-шараның негізгі мақсаты жасанды интеллект пен жаһандық цифрландыру дәуіріндегі философияның рөлін қайта пайымдау және студенттердің рухани-құқықтық мәдениетін арттыру болды. Дискуссия жетекшісі Нұрғалиев Қанат Тоқтарбекұлы мен 2-курс философия мамандығының студенттері қатысқан жиында бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер көтерілді. Техника мен технология қарыштап дамыған сайын адамзат өміріндегі философиялық пайымның маңызы арта түсетіні ерекше аталды.

Жиын барысында студенттер автоматтандыру процестерінің адам өміріне әсерін талдап, ғылыми-техникалық прогрестің ар-ұят пен әділеттілік сияқты адамгершілік құндылықтармен байланысын талқылады. Сонымен қатар қоғамда үйлесімділік қалыптастыру үшін сыни ойлау мен өзіне сұрақ қою дағдыларын дамытудың маңыздылығына назар аударылды.

Бұл бастама университеттің академиялық өмірі үшін ғана емес, оның халықаралық деңгейдегі, соның ішінде THE Impact Rankings рейтингіндегі позициясын нығайту үшін де стратегиялық маңызға ие. Мұндай іс-шаралар студенттердің азаматтық жауапкершілігін арттырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытындағы университеттің ғылыми әлеуетін көрсетеді.