ТДМ 17 «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» аясындағы халықаралық дөңгелек үстелFarabi University
Референдум 15 марта

ТДМ 17 «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» аясындағы халықаралық дөңгелек үстел

19 желтоқсан, 2025

2025 жылғы 19 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің базасында «Цифрлық ойлау және адамның жасанды интеллектпен өзара әрекеттесуі: даму стратегиялары және жаһандық қоғамның жаңа сын-қатерлері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының №17 «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» мақсатын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелдің мақсатықазіргі қоғамның әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық мәселелерін шешуде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдануға қатысты келісілген тәсілдерді әзірлеу үшін сарапшыларды, зерттеушілерді және практиктерді біріктіру арқылы тұрақты даму мүддесіндегі жаһандық әріптестікті нығайту және оның жүзеге асырылу тетіктерін жандандыру.

Іс-шара барысында тұрақты дамудың әлеуметтік аспектілері бойынша оқыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, теңдік, инклюзия, адам құқықтары және әлеуметтік жауапкершілік тақырыптары цифрлық трансформация жағдайында талқыланды. Қатысушылар жасанды интеллекттің әлеуметтік үдерістерге әсерін, цифрлық технологияларды этикалық реттеудің маңыздылығын, сондай-ақ білім беру мен пәнаралық диалогтың әділетті және тұрақты қоғам қалыптастырудағы рөлін атап өтті.

Дөңгелек үстел аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің оқытушылары (Алматы қ., Қазақстан), сондай-ақ Вулверхэмптон университетінің (Ұлыбритания) және Ноттингем университетінің (Ноттингем қ., Ұлыбритания) онлайн форматтағы қатысушылары арасында ғылыми пікірталас өтті. Халықаралық формат академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге және тұрақты серіктестік байланыстарды дамытуға мүмкіндік берді.

Дөңгелек үстелдің жұмыс тілдері: қазақ, орыс және ағылшын тілдері, бұл қатысушылардың кең ауқымын қамтуға және инклюзивті пікір алмасуға жағдай жасады.

Іс-шараның ұйымдастырушылары: жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, профессор Нұрмаханбетов А.Л., доцент Баймолдина Л.О., доцент Жұбаназарова Н.С., докторант Жанатова Д.Б.

Аталған халықаралық дөңгелек үстел Философия және саясаттану факультетінің тұрақты даму, жаһандық әріптестік және цифрлық дәуірдегі әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын ілгерілетудегі рөлін айқындайтын маңызды алаң болды.