ҚазҰУ ғалымдары «Болашақ» стипендиаттары қатарына ендіFarabi University

ҚазҰУ ғалымдары «Болашақ» стипендиаттары қатарына енді

31 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары мен оқытушылары «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы аясындағы халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегерлері атанды.

1993 жылы қарашада құрылған «Болашақ» бағдарламасының мақсаты – ел экономикасының басым салалары үшін білікті кадрлар мен мамандар даярлау. Бағдарлама академиялық оқуды, сондай-ақ әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды.

Биыл стипендия иегері атанған 225 қазақстандықтың 152-сі магистратурада білім алады, 16 үміткер докторантурада оқуға мүмкіндік алды. Ал 57 қазақстандық әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-білім беру орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар стипендиаттардың 69,8 пайызы жаратылыстану-техникалық бағыттар бойынша, 30,2 пайызы қоғамдық-гуманитарлық бейін бойынша білім алады. Бұдан бөлек, 182 қазақстандыққа әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге стипендия тағайындалды.

Ғылыми тағылымдамалар заманауи білім мен озық тәжірибені трансферттеудің маңызды тетігі ретінде отандық ғылым мен өндірістің дамуына серпін береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан 17 оқытушы стипендиаттар қатарына енді. Бұл университет ғалымдары мен оқытушыларының жоғары кәсіби деңгейі мен сапалы даярлығын айқын дәлелдейді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша «Болашақ» стипендиясының иегерлері:

  1. Әбсаттарова Қарлығаш Сейтомарқызы – Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының аға оқытушысы.
  2. Асан Қанағат Айтбайұлы – Дипломатиялық аударма кафедрасының аға оқытушысы.
  3. Асылбекова Айжан Асылбекқызы – Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі.
  4. Әуелханқызы Мөлдір – Химиялық физика және материалтану кафедрасының доценті м.а.
  5. Жолдас Ерасыл Айдосұлы – Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының доценті м.а.
  6. Каменов Бекзат Келбетұлы – Ислам ғылымы мен инновациялары халықаралық орталығының аға ғылыми қызметкері.
  7. Қошқарбаев Нұрбол Махсетбайұлы – Математика кафедрасының оқытушысы.
  8. Құлахметова Гүлбарам Амантайқызы – Рекреациялық география және туризм кафедрасының доценті м.а.
  9. Машинбаева Гүлназ Әбенқызы – Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының аға оқытушысы.
  10. Мәткерім Базаргүл – Компьютерлік ғылымдар кафедрасының доцент-зерттеушісі.
  11. Мейрамбекұлы Нұрсұлтан – Ғылыми жобаларды талдау және үйлестіру басқармасының басшысы.
  12. Мифтахова Альфира Фарухқызы – Органикалық заттар, табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы және технологиясы кафедрасының аға оқытушысы.
  13. Нүсіпов Дамир Асанұлы – Ислам ғылымы мен инновациялары халықаралық орталығының аға ғылыми қызметкері.
  14. Сарыбаев Еділ Сауытұлы – Картография және геоинформатика кафедрасының доценті.
  15. Тастамбек Қуаныш Талғатұлы – Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры.
  16. Тәукебаев Өміржан Жалғасбекұлы – Инжиниринг және ғылымды қажет ететін технологиялар кластерінің бас директоры.
  17. Усаров Өткір Базарбайұлы – География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының аға оқытушысы.

Бұған қосымша, жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеу үшін Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықақыға Мереке Әлімжанова, Мәдина Мамедова, Ерқанат Сырғабек ие болды. Ал химия ғылымының докторы, профессор Григорий Мун, Ғалия Ирмухаметова, география ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әлия Ақтымбаева, педагогика ғылымының докторы, профессор-зерттеуші Нұрасыл Керімбаев 2025 жылғы мемлекеттік ғылыми стипендиялар тағайындалған ғалымдар қатарына енді. 2025 жылғы талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия PhD, қауымдастырылған профессор Серік Хохлов пен PhD, доцент м.а. Лаура Ағыбаеваға берілді.

Стипендиаттарды құттықтай отырып, ғылыми қызметтеріне табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз! 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі