Экономика

25 сәуір, 2016

Білім ордалары ынтымақтастыққа мүдделі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы Сиань көлік университетінің 120 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты. 2016 жылдың 6-10 сәуір аралығында Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.М.Мұтанов бастаған делегация Қытайда өткен Сиань көлік университетінің 120 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты. Мерейтой аясында әлемдік деңгейдегі универ­ситеттердің көрмесі, мерейтойға арналған конференция, әлемдік деңгейдегі университеттердің президенттерінің саммиті, Жаңа жібек жолы универ­ситеттерінің альянсының атқарушы комитеті­нің пре­зиденттері мен ректорларының жиналысы сияқты бірнеше шаралар өткізілді. 7 сәуірде әлемдік деңгейдегі университеттердің (World-Class Universities Expo) ауқымды көрмесі өтті. Көрмеге Принстон Университеті (Princeton University), Оксфорд Университеті (University of Oxford), Стэнфорд Университеті (Stanford University) сияқты бүкіл әлем бойынша 100-ден астам университеттер қатысты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ стендіне ерекше көңіл бөлінді. Осы күні Сиань қаласының мэрі мерейтойға арналған салтанатты қабылдау өткізді. 8 сәуірде Сиань көлік университетінің спорттық стадионында мерейтойға арналған салтанатты кон­ференцияның ашылуы өтіп, ашылуға 20 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ, бұл күні 100-ден астам әлемдік деңгейдегі университеттердің ректорлары қатысқан саммит ұйымдастырылды. Сам­мит барысында университеттердің міндеттері және мәдениеттердің әртүрлілігі, ақпараттық дәуір­дегі жоғары білім берудің мүмкіндіктері мен қиын­шылықтары, жаһандық ауқымдағы дарынды сту­денттердің ұтқырлығы сияқты көптеген мәселелер қарастырылды. 9 сәуірде Жаңа жібек жолы университеттерінің Альянсының атқарушы комитетінің президенттері мен ректорларының жиналысы (The President`s Summit for Executive Committee) өтті. 2015 жылдың мамыр айында Сианьда 26 мемлекеттің 86 жоғары оқу орындарының өкілдері аталған Альянсты құрған болатын. Қол қойылған Сиань декларациясына сәйкес, университеттер Альянсының басты мақсаты білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін ортақ алаңды құруға, мәдениеттер мен ұлттар арасындағы диалогты дамытуға, сондай-ақ, Жібек жолының ғылыми белдеуі негізінде кадрларды дайындау, ғылыми зерттеулер, мәдени қарым-қатынас секілді салаларда университеттер арасындағы ықпалдастықты тереңдетуге бағытталған. Бұл жи­ынға Милан политехникалық университетінің, Сиань көлік университетінің, Гонконг политехникалық университетінің, Н.Э. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеттің және әль-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорлары және т.б. университеттердің басшылары қатысты. Жиынды Сиань көлік университетінің президенті профессор Ван Шуго (Wang Shuguo) ашты. Күн тәртібіне сәйкес Альянстың хатшысы бір жыл ішінде жүзеге асырылған шараларға тоқталды. Кездесуде Альянстың университеттері арасында желілік нысанындағы ықпалдастығы, Халықаралық студенттік жазғы мектебінің өткізілуі және т.б. мәселелер талқыланып, Атқарушы комитеттің қатысушыларының пікірталасы орын алды. Жина­лыстың қорытындысы ретінде Альянстың жарлығы мен Сиань келісімі қабылданды. Альянстың келесі отырысы 2016 жылдың қараша айында Гонконг политехникалық университетінің (The Hong Kong Polytechnic University) 80 жылдығына орай өткізілетіндігі жоспарланды. Кездесу кезінде Батыс­қытайлық ғылыми және технологиялық хабының (Science and Technology Innovation Harbor) ашылуы жарияланып, Жібек жолы қорының (Silk Road Foundation) негізі салынды. Мерейтойға арналған іс-шара барысында Сиань көлік университетінің (Xi’an Jiaotong University) өкілдерімен, оның ішінде университет ректоры профессор Ван Шугомен (Wang Shuguo) кездесулер өткізілді. Кездесу барысында тараптар екі университет арасындағы ынтымақтастықтың нысандары мен бағыттары бойынша пікір алмасты. Аталмыш университеттің өкілдері студенттер, магистранттар және PhD докторанттарға арналған халықаралық стипендиялық бағдарламалар ұсына отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екендігін білдірді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.М.Мұтанов өз кезегінде Жаңа жібек жолы университеттерінің альянсының халықаралық IT-технопаркін құруды ұсынды. Бұл ҚазҰУ аясында құрылатын суперком­пьютерлік есептеу орталығының негізінде қалып­тастырылады. Сонымен бірге Гонконг политехникалық университетінің проректорымен және халықаралық департаменттің директорымен кездесу болды. 2016 жылдың қараша айында өтетін Гонконг политехникалық университетінің 80 жылдық мерейтойы аясында өткізілетін Альянстың екінші отырысына және Альянс университеттерінің ректорлары мен президенттері Альянсының форумына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері шақырылды. Аталған байланыс маңызды болып табылады, өйткені әлемдік рейтингте, оның ішінде «Жаһандық білім беру» бағдарламасы аясында жоғары орынды иеленетін университетпен бірлескен жобаларды жүзеге асыру көптеген мүмкіндіктерді ашады. Жалпы алғанда, делегацияның жұмысы қытай­лық ұйымдармен және әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы университеттермен тығыз қарым-қатынас орнатуға септігін тигізді. Елдана тоқбай