ҚазҰУ-да CITech халықаралық конференциясы өтудеFarabi University

ҚазҰУ-да CITech халықаралық конференциясы өтуде

8 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде академик Юрий Иванович Шокиннің ғылыми мұрасына арналған CITech халықаралық ғылыми конференциясы басталды. 

Конференцияның салтанатты ашылуында ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов құттықтау сөз сөйлеп, 2026 жылдың Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жариялануы конференция тақырыптарының өзектілігін арттыратынын атап өтті.

Айта кету керек, механика-математика факультеті 1934 жылы құрылып, бүгінде математика, механика, математикалық модельдеу және есептеу ғылымдары салаларында білікті мамандар даярлайтын жетекші орталық болып табылады. Факультет түлектерінің арасында әлемге танымал ғалымдар мен инженерлер бар.

Конференцияның пленарлық отырыстарында Қазақстан, Ресей, АҚШ және Өзбекстанның жетекші ғалымдары баяндама жасады. Солардың бірі – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Петр Вабищевич «Computational Identification of the Source Domain in an Inverse Problem of Potential Theory» тақырыбында, ал Хьюстон университетінің профессоры Максим Ольшанский (АҚШ) «Analysis of a finite element method for PDEs in evolving domains with topological changes» тақырыбында ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар конференция қатысушылары есептеу математикасы, сандық әдістер, жасанды интеллект, нейрондық желілер, математикалық модельдеу және жоғары өнімді есептеулер мәселелеріне арналған баяндамалар жасады.

Конференцияның жеке бір бөлімі академик Юрий Шокиннің ғылыми мұрасына арналды. Ол Ресей мен ТМД елдеріндегі заманауи есептеу технологияларының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Ғалым 300-ден астам ғылыми еңбек пен 24 монографияның авторы, айырмалық схемалар, интервалдық талдау және сандық модельдеу салаларының дамуына елеулі үлес қосқан.

Конференция жұмысы екі күнге жалғасады. Осы уақыт аралығында пленарлық және секциялық отырыстар өткізіледі. CITech халықаралық ғылыми конференциясы 2002 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді және заманауи есептеу технологияларын дамытуға бағытталған.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі