ҚазҰУ оқытушысы Almaty Marathon–2025 іс-шарасына ерікті ретінде қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Кудайбергенов Сергазы Ережепұлы 28 қыркүйекте Алматы қаласында өткен Орталық Азиядағы ең ірі спорттық шаралардың бірі — Almaty Marathon іс-шарасына ерікті ретінде қатысты.
Аталған марафонды «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр. Биыл бұл ауқымды спорттық мереке он төртінші рет өткізіліп, Республика алаңынан бастау алды. Іс-шараға әлемнің 60-тан астам елінен 16 000 атлет қатысып, халықаралық деңгейдегі спорттық ынтымақтастық пен салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды.
2025 жылғы марафон бірнеше рекордпен ерекшеленді. Атап айтқанда, жарысқа 1200-ден астам шетелдік қатысушы тіркелсе, 42,2 км классикалық марафон қашықтығына 1500 адам өтінім берген. Бұл көрсеткіштер Almaty Marathon-ның халықаралық беделінің жыл сайын артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Жүгіру бағыты Республика алаңынан басталып, әл-Фараби даңғылы бойымен жалғасып, қатысушыларға асқар Алатаудың әсем келбетін тамашалауға мүмкіндік берді. Бағыт бойында Тұңғыш Президент саябағы, Ботаникалық бақ және Алматы қаласының тарихи әрі көрікті орындары орналасқан.
Қатысушыларға бірнеше қашықтық нұсқалары ұсынылды: 42,2 км марафон, 21,1 км жартылай марафон, 10 км жүгіру, сондай-ақ 10 км скандинавиялық жүріс. Сонымен қатар корпоративтік командалар үшін алты адамнан тұратын «Экиден» эстафетасы ұйымдастырылды. Мәреге жеткен барлық қатысушылар естелік медальдармен марапатталды, ал негізгі қашықтық жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар, медальдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
ҚазҰУ оқытушысының мұндай халықаралық спорттық іс-шараға ерікті ретінде қатысуы ТДМ–3: «Салауатты өмір салты және әл-ауқатты қамтамасыз ету» қағидаттарын қолдаудың нақты көрінісі болып табылады. Университет ұжымы қоғамда белсенді өмір салтын қалыптастыруға, еріктілік мәдениетін дамытуға және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға әрдайым қолдау білдіреді.
Басқа жаңалықтар