«Қазақ үшін жүрек майын шам қылған». Алматыда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған мемлекеттік деңгейдегі конференция өтті. Биыл ЮНЕСКО көлемінде мерейтойы тойланып жатқан ұлт қайраткеріне арналған жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин және алаштанушы ғалымдар қатысты. Ғылыми-практикалық конференция әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әлихан Бөкейханов және «Алаш» мұрасы» атты тақырып аясында өтті. «Әлихан Бөкейхан өзінің саяси серіктестерімен бірлесіп, 1917 жылдың желтоқсанында «Алаш» ұлттық территориялық автономиясын жариялап, өзі төрағасы болып сайланды. «Алаш» қозғалысын іргелете жүріп, тарихи тұлға қазақ халқының жазбаша тарихын тасқа басуға, оны жұртшылыққа танытуға байланысты іргелі істермен айналысты. Тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды алдына мақсат етіп қойды. Осы мақсатқа жетудің жолдары мен әдістерін айқындады. Оның халық алдындағы сіңірген ерен еңбегі әрқашан айтылып, насихатталуы қажет», ‒ деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы алдағы уақытта да мемлекеттік деңгейде бірқатар шаралардың өтетіндігін атап өтті. Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Елбасы бағыттаған көшімізге сын келтірмей бой түзей білсек, Әлихан идеясын ақтауға қосқан үлесіміз. Дәл осылай, ЮНЕСКО аясында аталып өтетін бабамыздың мерейтой шаралары аясында да қаламызда кең ауқымдағы жиындар мен өнер шеберлерінің мағыналы концерттері, түрлі танымдық кездесулер, жасөспірімдерге арналған арнайы сабақтар өткізіліп, Әлихан шығармашылығынан сыр шертетін кітаптарға тапсырыс берілмек. Алаш ардақтысының мерейтойы аласапыран тойға емес, керісінше бабамыздың өз өсиетіне сай жас ұрпақты ойға жетелейтін тойға айналуы мақсат», ‒ деді. 1992 жылы орнатылған Алматы ‒ қазақ зиялылары көп шоғырланған, ұлттық бастамалар жиі көтерілетін қазақтың рухани астанасы. Сондай-ақ, талай нәубетті, қасіретті бастан өткерген қазақ халқының Тәуелсіздік туын тіккен алғашқы қала. Сондықтанда зиялы қауымның Алматыдан Алаш арыстарына арнап ескерткіш аллеясын ашу, метрополитенге Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің есімін жекелей немесе топтап беру ұсынысы орынды. Бұл туралы, «Түркістан» газеті бұған дейінгі жарық көрген сандарында алаштанушы ғалымдар мен зиялы қауым, айтыскер ақындар тарапынан айтылған ұсыныстарды жазған болатын. Айта кетер тағы бір жайт ‒ Алматыдағы Наурызбай (бұрынғы Дзержинский) көшесінің бойындағы шағын саябаққа 1992 жылы «Осы жерде Ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылады» деп қара тас орнатылған, алайда 24 жыл өткенмен сол күйі тұр. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының трагедясы бір. Ашаршылық құрбандарына арналып, 2012 жылы Астана қаласынан «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» атты ескерткіш ашылып, Президент баяндама жасаған болатын. Бас қаланың бастамасын неге өзге өңірлер үлгі етпейді?! Біздің қоғам Алаш арыстарын толықтай танып білген жоқ. Әсіресе, қазақ жастары Алаш қайраткерлерінің еңбегімен толықтай таныс емес. Ал бұл олқылықтың орнын толтыратын жалғыз жол, университеттердегі үгіт-насихат шараларын жиілету екені анық. ЮНЕСКО көлемінде мерейтойы аталып жатқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған алғашқы мемлекеттік деңгейдегі конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басшылғының қолға алуы қуантады. Жиында универистет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов: «ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихын зерттеген Оксфорд және Сорбонна университетінің профессорлары Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қозғалысының қайраткерлері күрескен тарихи кезеңге «Мәдени ренессанс дәуірі» деген баға берген. Әлихан Бөкейханов – Сұлтанмахмұт ақынша айтсақ, «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» Ұлт қайраткері», ‒ деді. Алайда қайраткер Әлихан тұлғасын ұрпаққа насихаттауда, көзден кетпейтін, көңілден өшпейтін нақты бір істі университет ұжымының қолға алмағаны таңқалдырды. Аталған университетте 15-тен астам оқу ғимараты, жүздеген аудитория, арнайы спорт кешені, дербес кітапханасы, мұражайы, арнайы жабдықталған конфренция залдары және саябақтар, спорттық алаңдары бар. ҚазҰУ еліміздегі бірегей жоғары оқу орыны саналады. Қазақтың маңдай алды оқу ордасының басшысы өз баяндамасында Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жырымен «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» деп ұлықтаған Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның есімін әл-Фараби атындағы университеттің бір дәрісханасына берер болса құба-құп болар еді. Универистетте Әлихан бастауында тұрған бірқатар ғылымдардан, абайтану, әдебиеттану ғылымының қара шаңырғы ‒ филология, Әлихан негізін қалап, алғашқы газетін шығарған ‒ журналистика факультеті бар. Конференцияда тарих ғылымының докторы Мәмбет Қойгелді, профессор Талас Омарбек, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанұлы, ҚР БҒМ Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов т.б ғалымдар арнайы баяндама жасады. Сондай-ақ, «Алаш» қозғалысы туралы деректі фильм көрсетіліп, Әлихан Бөкейханов шығармашылығы мен «Алаш» қозғалысы туралы кітап көрмесі және Мұхамеджан Сералиннің «Айқап» журналының жалғасы болып саналатын журналдың тұсаукесер рәсімі өтті.