Инновациялық бағыттармен танысуға мүмкіндік
Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының 3-курс студенті Самал Арманқызы Санкт-Петербург қаласындағы Петр Великий атындағы политехникалық университеті ұйымдастырған «Инженерлік ғылымдар бойынша қысқы университет» бағдарламасының «Технолог» трегіне қатысып, білігін арттырып келді.
Бұл бағдарлама заманауи технологиялар, цифрлық жүйелер және инновациялық бағыттармен танысуға, тәжірибе алмасуға әрі жаңа білім алуға мүмкіндік беретін көпсалалы оқу жобасы болды. Оқу барысында әр мемлекеттен жиналған студенттер компьютерлік зертханаларда жұмыс істеп, цифрлық инжинирингтің негізгі қағидаларын, жасанды интеллектінің мүмкіндігін және «ақылды өндіріс» туралы жалпы түсініктерін қалыптастырды. Сондай-ақ бизнес-жобаларға қаржылық ресурстарды тиімді бөлу жолдарын үйреніп, робототехника саласындағы заманауи технологиялармен де жете танысып шықты. Студенттер жобалық зертханаларда жасанды интеллектіні әртүрлі деректер үшін қолдану бойынша тәжірибелік тапсырмалар орындады. Бағдарлама аясында өндіріс үдерісімен байланысты зертханаларға да экскурсиялар жасап, сол зертханалардың бірінде металмен жұмыс істеудің негізгі кезеңдерін көріп қайтты. Осылайша технологиялық үдерістердің модельденуімен жетік танысты.
Қысқы университет аясында оқу бағдарламасымен қатар, түрлі интерактивті іс-шаралар өтті: квиздер мен ойын форматындағы жарыстар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге шетелдік студенттерге кең көлемді мәдени бағдарлама ұсынылды. Олар Эрмитаж, Юсупов сарайын, Фаберже мұражайын және Санкт-Петербургтің көрікті жерлеріне саяхат жасады. Самал үшін бұл сапар Санкт-Петербург қаласының ерекше атмосферасы, әсем сәулеті және бағдарламаның жоғары деңгейдегі ұйымдастырылуымен ерекше әсер қалдырды.
Индира ӘЗІМБАЕВА,
Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары
Басқа жаңалықтар