III Азия-Еуропалық Конгресінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі басты назарда болды

25 сәуір, 2016

III Азия-Еуропалық Конгресінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі басты назарда болды - Алматы. АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде III Азия-Еуропалық Конгресі басталды. Оған Азия және Еуропа елдерінің шағын және орта бизнес субъектілерінің басшылары мен жоғары оқу орындарының әр сала бойынша профессорлары, Алматы қаласы әкімдігі, БҰҰ мен ЮНЕСКО ұйымдарының өкілдері, барлығы 300-ге тарта адам қатысып отыр. «Қазіргі таңда бизнес субъектілерінің басқару құрылымына көз салсаңыз, негізінен олар экономистер, заңгерлер және инженер мамандардан құралған. Бірақ, олардан да басқа, 20-ға жуық факультеттер бар емес пе!? Ол салаларда білім алған мамандар компаниялардың басқару құрылымында жоқ десе де болады. Ал бүгінгі таңда әлемде еларалық ынтымақтастық артып жатқан уақытта компаниялар тек экономика немесе құқықтану тұрғысынан ғана емес, басқа да факультеттер, басқа да ғылымдар тұрғысынан да басқарылуы тиіс. Сонда олар өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінеді. Сондықтан, бүгінгі конгрестің басты мақсаты әр түрлі сала мамандарының басын қосып, компанияларды басқарудың тиімді әдісін қарастыру және әлеуметтік жауапкершілігін арттыру», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген жауабында Азия-Еуропалық Конгрестің негізін қалаушы, Стратегиялық мәдениетаралық коммуникация орталығының атқарушы директоры (Франкфурт қаласы) Константин Шамбер. Айта кетелік, конгресс жұмысы екі күнге жалғасады.