Жастар – біздің болашағымыздың кепілі
25 ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков «Жастар - біздің болашағымыздың кепілі» тақырыбында Алматы қаласының студент жастарымен кездесті.
Ондағы мақсат Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіріп, оны жастар арасында талқылау.
Осы орайда Вице-министр Елбасының Қазақстанның қазіргі экономикалық-әлеуметтік, сондай-ақ ішкі және сыртқы саясаттағы айқын бағыттары мен бағдарларын айқындап, осы саладағы жұмыстарды нығайтуды тапсырғанын атап өтті.
Сонымен қатар соңғы жылдары еліміздегі білім және ғылым саласында қол жеткізген жетістіктерге де тоқталды.
Сондай-ақ кездесуде Алматы қаласының белсенді жастары мен үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстарын айтып, өз пікірлерін білдірді.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі