ТҰРАҚТЫ ДАМУ АЯСЫНДА ТҰЛҒАЛЫҚ КЕМЕЛДЕНУ ЖӘНЕ РУХАНИ ҮЙЛЕСІМ
2025 жылғы 25 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының зерттеуші-доценті, филология ғылымдарының докторы Сүйерқұл Ботагөз Мырзабайқызы «Мен – Өз Өмірімнің Авторымын!» тақырыбында мотивациялық-психологиялық тренинг-семинар өткізді. Шараға докторанттар мен оқытушы педагогтар қатысты.
Тренинг барысында ғалым қазіргі қоғамда жиі кездесетін әлеуметтік және психологиялық қайшылықтардың себептерін талдап, оларды шешудің ұтымды жолдарына назар аударды. Өмірін саналы түрде басқаруға ұмтылған тұлға үшін Жан, Тән және Рух үйлесімін табу, тұлғалық дамуды жүйелі түрде жалғастыру, сондай-ақ социум мүшелерімен тиімді қарым-қатынас орнату мәселелері жан-жақты қамтылды.

Шара аясында қатысушыларға өзін-өзі тану мен ішкі үйлесімге қол жеткізуге бағытталған нақты қадамдар мен тиімді психологиялық әдістер ұсынылды. Тренингке қатысқан докторанттар мен педагогтар өздерінің коммуникативтік құзыреттілігін арттырып, қазақ даналығына негізделген аялық білімдерін тереңдеткенін атап өтті.

Мазмұны терең, ғылыми-тәжірибелік мәні жоғары тренинг үшін қатысушылар ұйымдастырушыға алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді. Кафедрамыздың мақтанышы, ғылым мен білім жолында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан филология ғылымдарының докторы Ботагөз Мырзабайқызына әлеуметтік психология мен тұлғааралық коммуникация саласында толағай табыс және шығармашылық сәттілік тілейміз!
Кыркымбекова А.Т.
Басқа жаңалықтар