Ректор медицина факультетіне жаңа міндеттер жүктеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев медицина және денсаулық сақтау факультетінің қызметімен танысып, оқытушы-ғалымдармен кездесті.
Ректор факультет ғимаратында жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен танысып, жаңадан алынған заманауи медициналық оқу-зертханалық құрал-жабдықтарды көрді. Бұл құрылғылар студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға және болашақ медицина мамандарын сапалы даярлауға мүмкіндік береді.
Ғимараттың жалпы ауданы – 5700 шаршы метр. Мұнда зертханалық және тәжірибелік бөлмелер, сондай-ақ оқу залдары орналасқан.
Медицина және денсаулық сақтау факультеті 2015 жылы ресми түрде ашылған. Алғашында үш кафедра негізінде жұмысын бастаған факультет бүгінде 10 кафедраны біріктіріп, тұрақты даму үстінде. Қазіргі таңда факультетте 4000-ға жуық студент білім алады. Халықаралық журналдарда ғылыми мақалалар жариялау көрсеткіші бойынша медицина және денсаулық сақтау факультетінің оқытушылары алдыңғы қатарда.
Кейін Жансейіт Түймебаев факультеттің ардагер оқытушы-ғалымдарымен, білім алушы жастарымен кездесу өткізіп, алдағы жоспарымен бөлісті.
«Медицина және денсаулық сақтау факультетінің тарихы қысқа болғанымен, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бүгінгі жетістіктермен шектелмей, алдағы уақытта ауқымды жобаларды іске асыру қажет. ҚазҰУ қалашығы құрылысының II даму жоспары аясында университеттік емхана салынады. Аумағы 27 мың шаршы метр болатын бұл ғимаратта студенттер білім алып, тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар факультет білім алушылары үшін 1000 орындық жаңа жатақхана пайдалануға беріледі», – деді ректор.
Сөз соңында оқу ордасының басшысы бірқатар факультеттің ардагер оқытушылары мен ғалымдарын алғыс хатпен марапаттады.
Жүздесуде академиялық мәселелер бойынша проректор Алина Галеева мен ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов сөз сөйлеп, ғылым және білім беру бағдарламалары бойынша факультеттің негізгі жетістіктеріне тоқталды.

Сондай-ақ факультет деканы Сүндетғали Қалмаханов баяндама жасап, факультеттің даму бағыттары, білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту және клиникалық тәжірибені жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі