ЖИ-дің құқықтану ғылымына әсері талдандыFarabi University
Референдум 15 марта

ЖИ-дің құқықтану ғылымына әсері талданды

12 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен И.А.Крылов атындағы кітапханада халықаралық оқу-әдістемелік конференция өтті.

Конференция «Жасанды интеллект дәуіріндегі құқықтану ғылымының дамуы: ғылыми мектептер мен доктриналардың трансформациясы» тақырыбында ұйымдастырылды. Аталған іс-шара отандық және шетелдік ғалымдарды, практик мамандарды, мемлекеттік орган өкілдерін бір алаңға тоғыстырды.

Конференцияның мақсаты – жасанды интеллектінің құқықтануға ықпалын теориялық және әдіснамалық тұрғыдан талдау, құқықтық ғылыми мектептер мен доктриналардың трансформациялану үдерістерін айқындау, сондай-ақ цифрлық технологиялар жағдайында құқықтық білім беру мен ғылыми зерттеулерді жетілдірудің өзекті бағыттарын анықтау.

Шараның ашылуында ҚазҰУ профессоры Гүлдана Қуаналиева сөз сөйлеп, жасанды интеллектінің құқықтану саласына енуі жаңа ғылыми көзқарастар мен әдіснамалық жаңаруларды талап ететінін атап өтті.

Сонымен қатар пленарлық отырыста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим Рожин, «Байтақ» жасылдар партиясы Алматы қалалық филиалының өкілі Берік Ағыбаев сөз сөйлеп, құқықтану ғылымының экологиялық және әлеуметтік қырларына назар аударды. Конференция аясында отандық және шетелдік жетекші ғалымдар баяндама жасады.

Конференция аясында авторлар –  Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының профессоры м.а. Бақытжан Қалымбек, Есеп және аудит кафедрасының аға оқытушысы Жанна Қалымбекова мен Айжан Молдағалиеваның «Қазақстан Республикасының органикалық ауыл шаруашылығы мәселелері» атты оқу құралының тұсаукесері өтіп, ғылыми-әдістемелік жаңалықтар көпшілік назарына ұсынылды.

Сондай-ақ қатысушылар шара соңында жасанды интеллектінің құқықтану ғылымына ықпалына қатысты негізгі теориялық тәсілдерді жүйелеу, құқықтық білім беру процесіне цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ жаңа ғылыми бағыттарды қалыптастыру қажеттігі жөнінде пікір алмасты.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі