qamshy.kz

25 сәуір, 2016

Махаббат – мәңгілік тақырып. Әл–Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде «Тура би» шешендік өнер клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың қызы Жанар Әзілханқызы Нұршайықовамен кездесу өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы. Қалың қазақтың ішінде нағыз сүйіспеншілік сезімін түсінетіндер, шынымен ғашық бола білетіндердің жастыққа жастап оқыған, махаббаттың қызыққа толы жылдарын баян ететін Әзілхан Нұршайықов ағамыздың кітабы махаббат гимніне айналғанына күмән келтіре алмаймыз. Ғашықтықты қағаз бетінде сөздермен өрнектеп ғана қоймай, өз өмірін мәңгілік махаббаттың панасы ете білген Әз-ағаның жұбайы Халима Өзбақанова-Нұршайықовамен 54 жыл қол ұстаса кешкен ғұмыры бүгінгі жастар үшін үлкен өнегеге айналғанына бәріміз де куәміз. - Адамдар бір-бірінің өмірлері туралы көбірек білуі қажет. Әңгіме менің аяулы әкем мен анам туралы болып отырғанда, олар жайлы сөз қозғамауға менің еш құқығым жоқ, - деп бастады әңгімесін Жанар Әзілханқызы. Сұхбаттың басы Халима апамыздың қиындыққа толы балалығы туралы әңгімеден басталды. Қазақ даласындағы ұлы аштық жылдарының қарсаңында туған ол, ес біле бастаған жасында ата-анасынан айырылып, жалғыз сіңлісімен қалды. Артынан өзі балалар үйіне, сіңлісі Ханымхан – сәбилер үйіне жіберілгенде, одан да көз жазып қалды. Араға он жыл сала бүкіл Кеңес жерінде орнаған соғыс майданына Халима да сұрана бастады. Әзілханмен ол 1939 жылы танысқан. Басында тек қана дос болып жүрген-ді. Майданда жүріп екеуі хат алмасты. Араларындағы сезім де кезекті хаттармен ұлғая берді. Соғыс аяқталғаннан соң, екі майдангер елге оралды. 1947 жылы Әз-аға мен Халима апаның 54 жылдың бірлесе кешкен өмірінің бастауы салынды, екеуі үйленіп, үй болды. Халима туралы: «Ол менің әйелім ғана емес, әрі енем, әрі шешем, ... әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды», - деп жазды Әзілхан аға өз естеліктерінде. Халима апа жоғарыда аталғандармен қатар, күнделікте өмірде шебер аспаз, керемет тігінші, ақылгөй дана және, әрине, аяулы ана, ардақты әже бола білді. Барлық адами қасиеттерді бойына жинаған жан бір сәтке де әлсіздік, қызғаншақтық, мақтаншақтыққа берілмеген, бірер минутқа да ұялшақтығын, жомарттығы мен білімге деген құштарлығын жоғалтқан емес. Мәңгілік махаббаттың панасына айналған екі ғашық өмірге төрт бала әкелді, олардың әрқайсысы бүгінде үлкен дүниенің «кірпіші болып қаланған». Өз кезегінде олар да Нұршайықовтардың ұрпағын жалғастырар ұл-қыздардың әке-анасы, ата-әжесі болып отыр. -Мен ата-анамды мақтан тұтамын. Әкем бір естелігінде анам туралы: «... мен өзімді Петрарка талантымен теңестіре алмаймын. Жүз есе, тіпті мың есе төмен болармын. Бірақ, Халиманың Лаурадан бір елі де төмен емес екеніне бәс тіге аламын» - деп жазған еді. Дәл осы жолдар әкемнің анама деген махаббатының дәлелі бола алады, - деп тәмамдады өз әңгімесін Жанар Әзілханқызы. Бұл кездесу қатысып отырған студенттердің әрқайсысына үлкен әсер сыйлады. Соңғы уақытта елімізде жаңа шаңырақ көтерген жастардың ажырасуға жиі баратындығын байқап келеміз. Соның көрінісінде Әзілхан ағамыз бен Халима апамыздың қол ұстаса кешкен, қиындығы көп болса да, өздерін берік ұстап, махаббатарын сөндірмей өткен 54 жылы, нағыз махаббаттың тек кітаптарда ғана емес, өмірде де болатындығына көз жеткізуімізге көмектесті. Қандай қиыншылық болмаса да, мәңгілік махаббатқа еш кедергі жоқ екенін түсіндік. Жанар Әзілханқызы біздің Қазақ ұлттық университетіміздің шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінде орыс тілі кафедрасының профессоры болып қызмет ететінін білген уақытта, тағы бір қуанышқа бөлендік. Әзілхан Нұршайықовтай биік тұлға ұрпақтарының арамызда жүргені, оның өнегелі өмірі туралы молырақ білу мүмкіндігі жанымызды жылыта түсті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Әзілхан ағамыздың аяулы жары туралы жазған «Мәңгілік махаббат жыры» атты естеліктерін оқығаннан соң, «Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз – ел қазынасы. Өміріңіз – үлгі!» деп ой қорытқан екен. Шынымен де, ұлы тұлғалардың өмірі – біз, жастар, үшін ұлағат!Осындай жанға жайлы , тәрбиелік мәні зор жылы кездесу жалғасын таба берсе деген ниеттеміз. «Қамшы» сілтейді