ҚазҰУ-да АСЕАН елдерінің өңірлік хабы құрылады

25 сәуір, 2016

Бұл жайлы ақпаратты ҚазҰУ-ға келген ресми сапарында Индонезия мен Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері  хабарлады.

Индонезия елінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Фостер Гултома мырза ҚазҰУ басшылығымен кездесу барысында Қазақстан Еуразия құрлығының орталығы және оның географиялық орналасуы АСЕАН елдері үшін де өте маңызды әрі қызықтыратын бағыт екенін мәлімдеді. «Біз Қазақстан ЖОО-лары, оның ішінде жоғары халықаралық дәрежеге ие және ғылыми-зерттеу мүмкіншілігі зор әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен өзара жемісті ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Бұл білім беру, ғылым мен мәдениет сынды гуманитарлық бағыттағы  әріптестікті нығайтуға кең жол ашатын болады», – деді елші. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен екіжақты әріптестік аясында Индонезия аймақтанушы мамандар тағылымдамалары мен  ортақ ғылыми зерттеулер жүргізуді ұйымдастыру жұмыстарын қолдауға ниет білдірді. 

Индонезиялық елші ұсынысын Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы елшісі, АСЕАН комитетінің Астанадағы төрайымы Доан Тхи Суан Хйен ханым да қолдады. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бойынша аймақтық білім-ғылым орталығын құру – Оңтүстік-Шығыс Азия университеттері арасындағы білім беру мен ғылыми жобалар ауқымын кеңейтуге негіз болатындығын атап өтті.

ҚазҰУ ректоры, ақадемик Ғалым Мұтанов АСЕАН аймақтық  білім-ғылым орталығын университет базасында құруға дайындығын жеткізді. Қазірдің өзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Оңтүстік-Шығыс Азия аймағынан келген студенттер білім алуда. Университет БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша Академиялық ықпалдастық бағдарламасының жаһандық хабы және ЮНЕСКО-UNITWIN бағдарламасы аясында тұрақты даму бойынша аймақтық хабы болып табылады. ҚазҰУ-дағы НАТО, «Түріксой» және тағы басқа да ғылыми-зерттеу және ресурстық орталықтар жұмыстары негізінде университетте халықаралық ынтымақтастық бойынша мол тәжірибе жинақталған.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Баспасөз қызметі

8(727) 377-31-48/49