15 қаңтар – ҚазҰУ-дың құрылған күніFarabi University

15 қаңтар – ҚазҰУ-дың құрылған күні

15 қаңтар, 2026

Құрметті әріптестер, оқытушы-ғалымдар,
университет түлектері, білім алушы жастар!
 

Сіздерді еліміздің ғылымы мен білімінің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылған күнімен шын жүректен құттықтаймын!

ҚазҰУ – бұл жай ғана жоғары оқу орны емес, бұл – ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастырған, мемлекетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей ғылыми-білім беру орталығы.  

Университет құрылған сәттен бастап академиялық еркіндікке, іргелі білімге, ғылым мен инновацияның үйлесімді дамуына берік негіз қалады.

Өткен жылдар ішінде ҚазҰУ мыңдаған білікті мамандарды, көрнекті ғалымдарды, қоғам және мемлекет қайраткерлерін тәрбиелеп шығарды.

Университет қабырғасында қалыптасқан ғылыми мектептер мен дәстүрлер бүгінгі күні де өз жалғастығын тауып, заманауи зерттеулермен, халықаралық серіктестіктермен және технологиялық жаңашылдықтармен толықтырылып келеді.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігінде лайықты орны бар, әлемдік рейтингтерде мойындалған, инновациялық инфрақұрылымы дамыған жетекші университет.

Жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеу, цифрлық технологиялар мен пәнаралық зерттеулерді дамыту арқылы университет ғылым мен білімнің жаңа сапалық деңгейіне көтерілуде.

Тоқсан жылдан астам тарихы бар еліміздегі көшбасшы жоғары оқу орны бүгінде дүниежүзіндегі үздік 200 университеттің қатарында тұр.

Алғашқы кезеңде 54 студентпен ашылған университетте қазіргі таңда 30 мыңға жуық білім алушы бар.

92 жыл бұрын физика-математика және биология факультеттері ғана жұмыс істесе, қазір олардың саны 16-ға жетті.

1941 жылға дейін 14 білім беру бағдарламасы бекітілсе, қазіргі таңда олардың саны 550-ден асты.

Университетте әлемнің 54 елінен келген 7000-нан астам шетелдік студент білім алуда.

Әлемнің 700-ден астам жетекші жоғары оқу орнымен серіктестік байланыс орнатылған.

2022 жылы Мемлекет басшысының Түркия мен Қырғызстанға ресми сапары аясында Ыстамбұл мен Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалдары ашылды.

2025 жылы ҚазҰУ филиалы Омбы қаласында құрылды.
Сондай-ақ университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің және Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалдары жұмыс істейді.

Бүгінгі күні ҚазҰУ QS әлемдік рейтингінде 166-орында тұр және Азиядағы үздік 40 жоғары оқу орнының санатына енген.

Білім ордасы студенттер үшін 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия және Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.

Оқу орны халықаралық байланыстарды, университеттік ғылымды және заманауи инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән береді.
Соңғы екі жылда 50 заманауи зертхана іске қосылып, 80 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-білім беру және инновациялық экожүйенің флагманы ретінде дамып, цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы ұлттық басымдықтарды іске асыруға белсенді түрде қатысып отыр.

Соның ішінде ірі мәліметтерді талдау, қолданбалы математика, биоинформатика, климаттық модельдеу және инженерлік ғылымдар бойынша көпсалалы зерттеулер жүргізілуде.

ҚазҰУ суперкомпьютері білім беру мен ғылыми зерттеулерге енгізіліп, тілдік модельдер әзірлеу, генетикалық деректерді өңдеу, климаттық болжамдар жасау және инженерлік шешімдер дайындау сияқты фундаменталды және қолданбалы зерттеулерде қолданыла бастады.

FARABI HUB инновациялық-технологиялық хабы, Farabi Robotics орталығы, Халықаралық цифрлық технологиялар және робототехника институты, «Қашықтықтан зондтау және қолдану технологиясы», «Тұрақты даму және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» ғылыми орталығы, Farabi Chem Science кластері, 3 Тесла МРТ аппараты бар Ми институты, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары және заң шығару процесінде жасанды интеллектіні енгізу саласындағы зерттеу және өндірістік алаңдар сәтті жұмыс істеуде.

Құрылған база университетке білім мен технологиялық шешімдердің негізгі орталығы болуға мүмкіндік береді.

Бұл жетістіктер, ең алдымен, университет ұжымының табанды еңбегінің, профессор-оқытушылар мен ғалымдардың кәсіби шеберлігінің, студенттердің білімге деген құштарлығының нәтижесі.

         Сіздердің әрқайсыңыз ҚазҰУ-дың бүгінгі биігі мен ертеңгі болашағын бірге жасап келесіздер.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1966 жылы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың шешімімен арнайы жер телімі бөлініп, 1972 жылы ҚазҰУ қалашығындағы алғашқы құрылыс жұмыстары басталды.

2022 жылы білім ордасына «зерттеу университеті» мәртебесі беріліп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі басталды.

Биыл жыл басында ҚазҰУ қалашығында әрқайсысы 1000 орынға есептелген тоғыз қабатты бес жатақхананың құрылысын бастауға байланысты естелік капсула салу рәсімі өтті.

Бұдан бөлек, оқу корпустары, спорттық-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы және технопарк салу жоспарланған.Біз ҚазҰУ-ды дамыту мен жаңғыртудың жаңа дәуірінің табалдырығында тұрмыз.

Бұл – сапалы білім алуға, ғылыми қызметті дамытуға және студенттік өмірді жаңа деңгейге көтеруге тың мүмкіндіктер ашатын тарихи кезең.

Көшбасшы университетіміздің абыройын бірге көтеріп, жаңа белестерді бірге бағындыру жолында бірлесе еңбек етуге шақырамын.

Осы мерейлі күні баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, ғылым жолындағы еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!

 

Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ