Ғылыми орталықтардың қызметі таныстырылды
Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығының ашылуына арнайы келген қонақтар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ғылыми орталықтарды аралап, оқу ордасының инфрақұрылымымен танысты.
ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев делегация мүшелеріне Farabi Hub инновациялық орталығындағы зертханалар мен ғылыми орталықтардың қызметі туралы жан-жақты ақпарат берді. Хабтың негізгі мақсаты – өзге университеттермен, ғылыми-зерттеу институттарымен және жекеменшік компаниялармен әріптестік орнатып, ғылыми әзірлемелер мен технологиялық идеяларды экономиканың нақты секторына енгізу үдерісін жеделдету. Мұнда заманауи құрылғылармен жабдықталған ғылыми зертханалар ғылым мен технологияның түрлі салаларында зерттеу жүргізіп, тәжірибе жасауға мүмкіндік береді.

Іссапар барысында қонақтарға Робототехника және мехатроника бойынша компетенция орталығындағы германиялық KUKA өнеркәсіптік роботтары таныстырылды. Аталған орталықта робототехника саласы бойынша білікті кадрлар даярланып, өндірісті автоматтандыру және цифрландыру бағытында қызмет көрсетіледі.
Сонымен қатар стартап-жобаларға технологиялық операцияларды роботтандыру тұжырымдамаларын зерделеу, көрсету және сынақтан өткізуге арналған бірегей алаң ұсынылған. Қазіргі таңда компетенция орталығы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және Hyundai Trans Kazakhstan сынды ірі өнеркәсіптік компаниялармен келісімшартқа отырған. Келісім аясында өндіріс орындарының қызметкерлері орталықта біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтайды.

Сондай-ақ құрметті меймандар жаңадан ашылған Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институты мен Робототехника орталығының қызметімен танысты. Университет басшысы бұл орталықтың цифрлық инженерия мен өнеркәсіптік робототехниканы меңгеруге арналған озық білім беру кеңістігі екенін атап өтті. Мұнда студенттер өндірістің барлық кезеңдерін сандық ортада модельдеуді, өзара байланыстыруды және күрделі автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеуді үйренеді.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар