Ресейлік делегация ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен таныстыFarabi University

Ресейлік делегация ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен танысты

11 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ресейдің «Талант и успех» білім беру қоры басшысының орынбасары, «Сириус» ғылыми-техникалық университетінің директоры Антон Гусев бастаған делегация келді.

Делегация құрамында «Сириус» ғылыми-техникалық университеті директорының орынбасары Екатерина Тейдер, «Сириус» концерттік орталығы басқармасының басшысы Маргарита Неволина, техникалық директор Сергей Телегин бар.  Кездесуге Қазақстан тарапынан ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қатысты.

Құрметті қонақтарды оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев қарсы алып, университеттің тарихы, жетістіктері және қазіргі даму стратегиясымен жан-жақты таныстырды. Ректор ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу орталықтарының, зертханаларының, инновациялық жобаларының әлеуеті туралы кеңінен баяндап, ЖОО халықаралық серіктестік бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

Делегация мүшелері Өндірістік робототехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығының қызметімен танысты. Мұнда қонақтарға KUKA неміс компаниясының жоғары дәлдіктегі индустриялық роботтары арқылы жүзеге асырылатын жобалар, өндірістік автоматтандырудың жаңа шешімдері және инженерлік әзірлемелер көрсетілді. Аталған орталық ғылым, білім және отандық өнеркәсіпті біріктіре отырып, Қазақстан өнеркәсібі үшін білікті кадрларды даярлауда.

Сондай-ақ делегацияға Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институты мен Робототехника орталығы жүргізіп жатқан жұмыстардың нәтижелері көрсетілді. Университет басшысы бұл заманауи оқу-өндірістік кешен цифрлық инженерия мен өнеркәсіптік робототехниканы терең меңгеруге мүмкіндік беретінін, студенттердің өндірістік процестерді толықтай сандық ортада үйреніп, күрделі автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыратынын жеткізді.

ҚазҰУ-ға жұмыс сапары барысында ресейлік меймандар Қытаймен бірлесіп ашылған «Қашықтан зондтау технологиясы және оларды қолдану» зертханасында болып, қоршаған ортаны қорғау бағытында іске асырылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұған қосымша, Орталық Азиядағы қуатты, өнімділігі 2000 терафлопсты құрайтын суперкомпьютердің мүмкіндігі туралы мәлімет берілді. Бұл жоғары өнімді кластер ІТ жəне жасанды интеллект саласында білікті кадрларды даярлауға мол мүмкіндік береді. Мамандардың есептеу техникасы саласында қолын ұзартады. Ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен дəлдігін арттырып қана қоймай, кететін уақытты əлдеқайда қысқартуға көмектеседі.

Сапар соңында «Сириус» ғылыми-техникалық университетінің директоры Антон Гусев ілтипат білдіргені үшін ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына ризашылығын жеткізді. Құрметті қонақ алдағы уақытта ҚазҰУ-мен әріптестік байланыстарды кеңейтіп, бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін атап өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі