ҚазҰУ-дың туған күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылдыFarabi University

ҚазҰУ-дың туған күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды

17 қаңтар, 2026

15 қаңтарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінде университеттің туған күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға факультеттің барлық профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Салтанатты бағдарлама аясында университет басшылығының құттықтауы, ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған және университет жетістіктерін қамтыған бейнематериалдар көрсетілді. Сондай-ақ оқу корпустары мен жатақханаларда жүргізілген жөндеу жұмыстары, жаңартылатын энергия көздерін енгізу бағытындағы бастамалар таныстырылды.

Іс-шара барысында QS халықаралық рейтингісіндегі университеттің көрсеткіштері туралы есеп беріліп, атақты түлектердің жетістіктері назарға ұсынылды. Факультет профессорлары университет ұжымын айтулы күнмен құттықтап, білім мен ғылым саласындағы табыстардың маңыздылығын атап өтті.

Қорытынды бөлімде факультеттің жылдық қызмет нәтижелері таныстырылып, алдағы даму бағыттары мен басым міндеттері сөз болды. Салтанатты жиын университеттің бірлігі мен тұрақты дамуға ұмтылысын айқындай түсті.
География және табиғатты пайдалану факультеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін туған күнімен шын жүректен құттықтай отырып, білім мен ғылым жолындағы ортақ жетістіктердің арта беруіне, халықаралық деңгейдегі беделінің одан әрі нығаюына және тұрақты дамуға бағытталған бастамалардың табысты жүзеге асуына тілектестік білдіреді.