ҚазҰУ ректоры V Ұлттық құрылтай секциясына қатыстыFarabi University

ҚазҰУ ректоры V Ұлттық құрылтай секциясына қатысты

19 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев V Ұлттық құрылтайдың «Білім және ғылым» секциясы отырысына қатысып, ғылымның дамуы мен жоғары білімнің болашағы жөнінде пікір білдірді. Ректор өз сөзінде университеттік ғылымның дамуына, оның ішінде жасанды интеллект дәуіріндегі суперкомпьютер мүмкіндіктеріне ерекше тоқталды.

Ректор суперкомпьютердің ғылыми егемендіктің, инновациялық зерттеулердің өзегі болып отырғанын атап өтті. ҚазҰУ базасында бұл құрылғы қазақ тіліне арналған үлкен тілдік модельдерді әзірлеуге, климаттық болжамдарды жетілдіруге, сондай-ақ жасанды интеллект саласында студенттер мен жас ғалымдардың өз жобаларын жүзеге асыруына жол ашқанын жеткізді.

Бұған қоса, ректор білім беру процесін жаңғырту, инновациялық технологияларды енгізу, ғылыми зерттеулерді дамыту және зерттеуші университеттің заманауи талаптарына сай мамандар даярлау мәселелері жөнінде ой бөлісті. Университет басшысы атап өткендей, жасанды интеллект негізінде ғылыми жобаларды жүргізу, студенттер мен жас ғалымдарды кәсіби даярлаудың жаңа формалары – университеттің стратегиялық бағытының маңызды бөлігі.

Сондай-ақ «Білім және ғылым» секциясының жұмысы барысында Қазақстандағы ғылым мен білім беру жүйесін дамыту, білім сапасын арттыру және оқу процесін жаңғырту, инновациялық технологияларды енгізу, ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелері қаралды. Талқылауға еліміздің жоғары оқу орындарының өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, мемлекеттік және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі