ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВТЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДА ЖАСАҒАН БАЯНДАМАСЫ КӨПТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫFarabi University

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВТЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДА ЖАСАҒАН БАЯНДАМАСЫ КӨПТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

20 қаңтар, 2026

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 20 қаңтар күні Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында жасаған баяндамасын болашақты болжай білетін көрегендігімен құнды деп есептейміз. Алдағы уақытта Қазақстан үшін қандай бағыттар басым болатындығы көрсетілді, нақты тапсырмалар берілді. Дамудың жауапты кезеңіне өтудің басты жолдары туралы да айтылды.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев елдің экономикасын өркендету, сыртқы экономиканы реттеу, халықтың әл-ауқатын арттыру, жаңа идеялар, ұлт мәселесі мен ұлттық көзқарас, ұлттық құндылықтарды сақтау, цифрлық экономиканы дамыту, қоғамдық сананы өзгерту, сот және банк жүйесіне өзгерістер енгізу, ғылыми қалашықтар құру, білім жүйесіне цифрландыру және жасанды интеллект енгізу мен оны дамыту секілді мәселелерге тоқталды.

Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының адал азамат, әділ азамат ұғымы ұлы ақынның «толық адам» тұжырымынан бастау алатындығын мысалға келтіре отырып, мемлекет басшысы жастарға, бүкіл еліміздің халқына адал азамат бола білу керек деген қағиданы айтты. Адал азаматтың ғана болашағы жарқын болатындығына тоқталды. Атап айтқанда: « Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек»,- деген пікірі бүкіл қазақ халқы үшін, әсіресе филолог мамандары үшін қуантарлық жай деп ойлаймын. Ұлы Абайдың әдеби мұрасын тікелей шет тілдеріне аудару жұмысын ары қарай жалғастыруымызға да жол ашылды деп есептейміз.

Әл-Фараби, Яссауи, Абай т.б. әдеби мұраларын келер ұрпаққа табыстау, олардың еңбектерін мұрағаттардан табу, оны қағаз бетіне түсіру, жинақтар мен түрлі кітаптар, монографиялар жариялау филолог мамандардан жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымын Қазақстанның келешек даму бағдары мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың баяндамасымен толыққанды таныстырып, нақты мәселелерді айқындап алып, болашаққа нық қадаммен басамыз деп үміттенеміз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университетінің қауымдастырылған профессоры

 Қазыбек Гүлмира Құдайбергенқызы