Әзірбайжандық блогерлер ҚазҰУ кампусын араладыFarabi University

Әзірбайжандық блогерлер ҚазҰУ кампусын аралады

21 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Әзірбайжан Республикасының туризм және саяхат саласына маманданған танымал блогерлері  Сеймур Алиев, Орхан Асланов және Аяз Байрамлы арнайы сапармен келді.

Сапар барысында шетелдік блогерлер алдымен ҚазҰУ музейінде болып, университеттің бай тарихы, қалыптасқан ғылыми мектептері мен білім беру саласындағы жетістіктерімен танысты. Олар оқу орнының құрылу кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі даму жолын айқындайтын құнды жәдігерлер, архивтік құжаттар және фотоматериалдармен танысты.

 

Одан соң меймандар Қазақстан-Қытай бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасына барды. Зертхана қызметкерлері қонақтарды заманауи ғылыми жобалармен, ғарыштық мониторинг, геоақпараттық жүйелер және табиғи ресурстарды зерттеу бағытындағы инновациялық зерттеулермен таныстырды.

Блогерлер зертхананың күнделікті жұмыс барысын көріп, жоғары технологиялар негізінде жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулердің маңыздылығына ерекше қызығушылық танытты. Сондай-ақ қонақтар білім ордасындағы басқа да ғылыми-зерттеу орталықтарын аралап, оқу корпустарын, студенттерге арналған инфрақұрылымды және заманауи білім беру ортасын көрді.

Сапар соңында әзірбайжандық блогерлер алған әсерлерін әлеуметтік желілерде бөлісіп, ҚазҰУ-дың білім мен ғылым ордасы ретіндегі келбетін, сондай-ақ Алматы қаласының тартымды туристік әлеуетін кең аудиторияға таныстыруға дайын екендіктерін жеткізді. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі