- Басты бет
- Сөйлеген сөздері
- Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралардың қорытындысында сөйлеген сөзі
Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралардың қорытындысында сөйлеген сөзі
Құрметті Ғылыми кеңеске қатысушылар!
Құрметті университет қонақтары, оқытушы-профессорлар!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!
Өздеріңізбен биылғы алғашқы Ғылыми кеңес отырысында кездесіп отырғаныма қуаныштымын.
Бүгінгі жиын ұлы Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралардың қорытындысына арналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде:
«Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс.
Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де, өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр.
Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек», – деп атап өтті.
Мемлекет басшысының осы ұсынысын біз толық қолдаймыз.
Бұл міндетті іске асыру ұлт руханиятымен қатар, адамзатқа ортақ игілік болмақ.
Ғұлама ойшылдар – әл-Фараби, Ясауи, Абай ілімдерін жаңа көзқараспен зерттеп, насихаттау – ғылыми қауымдастықтың алдында тұрған үлкен міндет.
Бүгінгі Ғылыми кеңеске ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалымжан Жайықбайұлы Махан,ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Ізбасарқызы Көбенова, оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова,Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы Нүкенов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Айдарұлы Майлыбаев,
Оқу-ағарту министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысып отыр.
Қазіргі уақытта жастардың рухани-мәдени санасын қалыптастыруда Абай ілімін жаңғырту мәселесі өзекті болып тұр.
2025 жылы 5 қарашада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» жарлыққа қол қойды.
Бұл құжат азаматтық қоғаммен диалогты нығайтуға, этносаралық татулықты сақтауға, мәдени-гуманитарлық, отбасылық және жастар саясатын жүйелеуге, сондай-ақ «Таза Қазақстан» қағидатын қоғамдық санаға енгізуге бағытталған.
Осы құжатта бекітілген «Адал азамат» тұжырымдамасы – жауапты, білікті, отаншыл және еңбекқор азаматтарды қалыптастырудың негізіне айналды.
Ал осы құндылықтардың кілті Абайдың кісілік кодексі мен Абай ілімінде жатыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абайдың шығармашылық мұрасын, Абай ілімін зерттеу, насихаттау, қолдану негізінде «Абайдың кісілік кодексі»,
«Абай ілімі» оқу пәні, «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» сериялық басылымының 1-50 томдары,«Абайтану антологиясы» сериялық басылымының 1-10 томдары, «Абайтану антологиясы» цифрлық форматтағы интеллектуалды е-ресурстар базасын қалыптастыруда іргелі жобалар іске асырылды.
Бұл ауқымды жұмыстарға ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебайұлы жетекшілік жасады. 2022 жылдан бері «Абай ілімі» оқу пәні университетте жоғары білім беру бағдарламаларының бірінші тобындағы таңдау пәні ретінде оқытыла бастады.
Бұл оқу пәні Ғылым комитетінің гранттық ғылыми жобаларын орындау нәтижелері негізінде дайындалды.
Абай ілімін, Абайдың кісілік кодексін білу, түсіну және өмірде қолдану – қоғамдық сананы жаңғыртудың, адал азамат қалыптастырудың басты жолы.
Өткен жылы «Абайдың кісілік кодексі» көрнекі үлгіде дайындалып, университет аумағында,
барлық факультеттердің оқу ғимараттарында, жатақханаларда, Фараби кітапханасының оқу залдарында орналастырылды.
Университеттің 2025 жылы өткен мәдени-көпшілік іс-шаралары Абайдың 180 жылдығы аясында өткізілді.
Университеттің оқытушы-профессорлары республикалық телеарналар мен басылымдарда Абай ілімінің маңызы мен мәні туралы танымдық мазмұнды мақалалар жариялады.
Абай институтының базасында «Адамзаттың Абайы» атты республикалық симпозиум өткізілді.
Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу, насихаттау, қолдану нәтижелері негізінде жасалған университеттің зияткерлік ресурстар базасы – қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласы мен абайтануға қосылған үлкен үлес.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай ілімін білім беру, тәрбие, мәдени ағарту ісінде кеңінен пайдалануды жүйелі жалғастыра береді.
Университет осы бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқаруға, ортақ жобаларды талқылауға, кез келген ұсыныс-пікірді талқылауға дайын.
Ғылыми кеңес жұмысына табыс тілеймін.
Басқа жаңалықтар