ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ КЕҢІСТІККЕ ИНТЕГРАЦИЯ
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті үшін жылан жылы ғылыми-зерттеу бағытындағы айрықша табыстарымен есте қалмақ. Университеттің әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу стратегиясына сәйкес, факультет оқытушылары мен ғалымдары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Атап айтқанда жыл басынан бері халықаралық Scopus дерекқорында барлығы 19 ғылыми мақала жарияланды. Бұл көрсеткіштің сапалық деңгейіне тоқталсақ, жеті мақала әлемдік ғылыми қоғамдастықта мойындалған ең жоғары Q1 (First Quartile) санатындағы журналдарда жарық көрді. Бұл факультет ғалымдарының зерттеу жұмыстарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
Факультет аясында алғаш рет GLOBAL SYNERGY атты жаңа ғылыми журналдың жарық көруі отандық ғылыми орта үшін елеулі оқиға болды. Бұл басылым жас зерттеушілер мен тәжірибелі ғалымдардың пікір алмасу алаңына айналды. Ғылымды қолданбалы саламен ұштастыру мақсатында биыл сегіз стартап жоба сәтті жүзеге асырылып, өндіріске немесе оқу үдерісіне енгізілді. Ғылыми қоржынды толтыру мақсатында факультет ұжымы тарапынан тағы жеті гранттық жоба әзірленіп, конкурстық іріктеуге жолданды.
ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ
Факультет басшылығы мен университет әкімшілігінің басты назарында жас мамандарға жағдай жасау мәселесі тұр. Осы бағыттағы жемісті жұмыстың айқын дәлелі ретінде факультетіміздің жас ғалымы Нұргүл Амангелдінің жетістігін мақтанышпен айта аламыз. Ол «Жас ғалым» ғылыми жобасын ұтып қана қоймай, ерен еңбегі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен баспанаға (пәтер) ие болды. Мұндай қолдау факультеттегі өзге де жас мамандарға үлкен серпін беріп, ғылымға деген құлшынысын арттырды. Сондай-ақ биыл алғаш рет факультет имиджін халықаралық деңгейде насихаттайтын белсенділерге «Амбассадор» мәртебесі берілді.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ
Биыл факультеттің материалдық-техникалық базасы түбегейлі жаңартылды. Бұл жұмыстар білім алушылар мен оқытушыларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған:
1. Технологиялық жабдықталу. Аудиториялар соңғы үлгідегі компьютерлермен жабдықталып, оқу залдарын цифрландыру деңгейі артты. Музыкалық аппаратуралар мен оқуға қажетті кейбір техникалық құралдар толығымен жаңартылды.
2. Оқу кабинеттері мен орталықтар. Тіл оқыту бағытындағы көшбасшылықты сақтау үшін Language park ребрендингтен өтіп, заманауи дизайндағы логотипке ауыстырылды.
3. Сыртқы бейне және дизайн. Факультет өзіндік корпоративтік стилін қалыптастырды. Стендтер мен ақпараттық тақталар эстетикалық және функционалдық тұрғыдан жаңартылды. Оқу корпусы мен жатақханадағы мебельдер, үстел-жабдықтар толықтай жаңа үлгідегі жиһаздармен алмастырылды.
СТУДЕНТТІК ӨМІР ЖӘНЕ СПОРТТЫҚ ЖЕТІСТІКТЕР
Студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да назардан тыс қалмады. Жатақхананың 3-қабаты толықтай жиһазбен қамтамасыз етіліп, білім алушылар үшін жаңа үлгідегі заманауи асхана ашылды. Бұл студенттердің бос уақытын тиімді әрі жайлы өткізуіне мүмкіндік береді.
Спорт саласында да факультет ұжымы белсенділік танытты. Университеттің қысқы спартакиадасында факультет құрамасы тартысты бәсекеде 6-орынды иеленіп, салауатты өмір салтын ұстанатындықтарын дәлелдеді. Сонымен қатар халықаралық аренада факультет беделін асқақтатқан «Халықаралық әл-Фараби 2025» олимпиадасы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің 40 жылдық мерейтойына арналған Ашық есік күнін жоғары кәсіби деңгейде ұйымдастырып, іс-шара шеңберінде ардагер ұстаздармен кездесу өткізіліп, білім беру саласындағы дәстүр сабақтастығы насихатталды. Іс-шараға университет әкімшілігі мен ардагер ұстаздар, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы филиалының төрағасы және бірқатар танымал түлектер қатысты.
Осы мерейтой аясындағы салтанатты іс-шарада:
– жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің 40 жылдығына арналған мерейтойлық жинақтың;
– Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының 40 жылдық тарихына арналған жинақтың;
– Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының гуманитарлық және жаратылыстану бағыттары бойынша ҰБТ-ға дайындыққа арналған ұжымдық жинақтың тұсаукесер рәсімдері табысты өткізілді.
Сонымен қатар биыл Жаңа жыл мерекесі қарсаңында факультет ұжымы университетіміздің бастамаларын қолдай отырып, Алматы қаласындағы балалар үйінде өскелең ұрпақтың өсіп-өркендеуіне үлес қосу үшін арнайы қайырымдылық шарасын өткізді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жыл қорытындысы бойынша факультет ұжымының бірқатар мүшелері елеулі еңбектері үшін мемлекеттік марапаттар, арнайы медальдар және алғыс хаттармен марапатталды. 2025 жылғы жетістіктер – бұл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің жаңа дәуірдегі даму бағытын айқындайтын маңызды белес. Білім мен ғылымды ұштастырған ұжым алдағы уақытта да биік асуларды бағындыруды көздейді.
Қанат КЕЛДЕБЕКОВ,
ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі декан орынбасары
Басқа жаңалықтар