Baq.kz

27 сәуір, 2016

ҚазҰУ-да бос орындардың жәрмеңкесі өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың зерттеу университетіне ауысу үшін, заманауи технологиялардың көмегімен оқытудың инновациялық әдістерін пайдалану керек. Ол өз кезегінде университет пен жұмыс берушілердің ынтымақтастығын дамытуда аса маңызды рөл атқарады. ҚазҰУ түлектеріне жұмыс беруші серіктестердің қатарына Қазақстанның және шет елдердің көшбасшы компаниялары мен ұйымдары кіреді. Аталмыш компаниялар жыл сайын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2000-нан астам түлектерін жұмыспен қамтамасыз етсе, 3000-нан аса студенттеріне тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі жәрмеңкеге «Air Astana», «Қазақтелеком», «Kazkom», «Halyk Bank», «Tele-2» және т.б. ірілі-ұсақты 170 компания қатысып, түлектерге жұмыс ұсынды. Жұмыс берушілермен өткізілетін жәрмеңке аясында жұмыс іздеушілерге арнайы шеберлік-сыныптары, тренингтер мен семинарлар өткізіліп жатыр. Өткізілген жәрмеңкенің жайлы толығырақ мағлұмат жинақтау мақсатымен шараның басы-қасында жүрген мамандардың пікірін тыңдап көрдік. Бақытжан Сапаров, «Мансап және бизнес» орталығының директоры: - Жыл сайын өтетін бұл жәрмеңкені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектері мен жұмыс берушілердің кездесу алаңы деп айтсақ болады. Бірнеше жыл қатарынан өткізіліп жатқан жәрмеңкенің жұмыс беруші серіктестерінің саны жыл сайын артуда. Биылғы жылы шараға 170 ұйым қатысып отыр. Негізгі мақсат – ҚазҰУ түлектерін жұмыспен қамту. Биыл біздің ҚазҰУ-ды 3600-дей бакалавр мен 1000-нан астам магистрант бітіреді. Жәрмеңкеге жыл сайын қатысатын жұмыс берушілер оқу жылының басынан бастап жәрмеңкеге қызығушылық танытып жатады. Өз жоспарымызға сәйкес, барлық компанияларды жәрмеңкеге екі-үш ай бұрын шақырамыз. Жұмыс берушілермен бірлескен жұмысты әлбетте соңына дейін жеткізуге тырысамыз. Олардың жұмыспен қамтылуы жайлы ақпаратты біз 6-12 ай мерзімнен кейін жинақтаймыз. Серіктес компанияларға жіберілген арнайы сауалнамалар түлектердің кәсіби деңгейін анықтауға көмектеседі. Біздің ең басты мақсатымыз – ҚазҰУ түлектерін жұмыспен қамту. Алайда, шара Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығынының қолдауымен өткізіліп жатқандықтан, оның аясын кеңейтуге тырысып жатырмыз. БАҚ пен әлеуметтік желілерге, сондай-ақ, жұмыс орындарын жарнамалайтын арнайы газеттерге жарнама бердік. Сондықтан, жұмыс табуға ниетті кез-келген Алматы қаласының түлектеріне, азаматтарына есігіміз ашық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүгінде әлемдік университеттік рейтингтерде жоғарыға нық қадамдар жасап келеді. Әлемге әйгілі халықаралық QS агенттігінің (Ұлыбриятания) 2015 жылдың 15 қыркүйегінде жарияланған зерттеулерінің қорытындыларына сүйенсек, ҚазҰУ әлемнің мықты 800 университеттерінің ішінде 275-ші орынға жайғасып, топ-300 университеттерінің қатарына енген. Осындай келелі нәтижелерге жетуде аталмыш іс-шаралардың өз үлесін қосқандығы айтпаса да белгілі.