ҚазҰУ «Атамекен» рейтингінде көш бастап тұрFarabi University

ҚазҰУ «Атамекен» рейтингінде көш бастап тұр

27 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары білім саласындағы көрсеткіштерін нығайтып,  Қазақстанның жетекші университеті мәртебесін айқындай түсті.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2026 жылғы ЖОО рейтингісінің қорытындысы бойынша университеттің 53 білім беру бағдарламасының ішінен 11 бағдарлама бірінші орынға ие болды, ал 45 бағдарлама үздік ондыққа енді.

Бұл жетістік ҚазҰУ-дың білім беру үдерісінің жоғары сапасын, түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін және білім беру бағдарламаларының заманауи талаптарға сай келетінін дәлелдейді.

ҚазҰУ практикалық қызметке бейімделген және әртүрлі салаларда сұранысқа ие мамандарды даярлайды. 2025 жылдың нәтижесі бойынша университет түлектерін жұмыспен қамту көрсеткіштерін едәуір жақсартты, әсіресе келесі білім беру бағдарламалары бойынша сұраныс жоғары: «Саясаттану», «Әлеуметтану», «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы», «Экология», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Химия», «Қазақ филологиясы», «Аударма ісі», «Биология», «Маркетинг», «Компьютерлік инженерия», «Менеджмент», «Журналистика». Аталған білім беру бағдарламалары түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейі 90 пайыздан 100 пайызға дейінгі көрсеткішті құрайды.

ҚазҰУ түлектері еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті. Мұны олардың жұмысқа орналасу деңгейінің жеткілікті түрде жоғары болуы дәлелдейді. Орташа алғанда, университетті аяқтаған түлектер жұмыс іздеуге 84 күн (шамамен 2,8 ай) жұмсайды, оның ішінде 63 пайыз түлек жұмысын алғашқы үш айда тапса, 37 пайыз түлек алты ай ішінде жұмысқа орналасады.

«Атамекен» ҰКП Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге сегіз жыл қатарынан қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын тәуелсіз бағалауды жүргізіп келеді. Университеттер 19 негізгі критерий бойынша бағаланады, олардың ішінде түлектерді жұмыспен қамту деңгейі, медиандық жалақы, жұмыс іздеу ұзақтығы, профессорлық-оқытушылық құрамның сапасы, бағдарламалардың аккредитациясы және білім беру бағдарламаларының өзектілігі бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЖОО рейтингіндегі жоғары көрсеткіштері – білім беру бағдарламаларын жаңарту, оқыту сапасын арттыру және түлектердің еңбек нарығының талаптарына бейімделуіне жағдай жасау бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Рейтинг нәтижелерімен келесі сілтеме арқылы танысуға болады: https://atameken.kz/ru/university_ratings.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі