Есеп пен аудиттің жаңа технологиялары талдандыFarabi University

Есеп пен аудиттің жаңа технологиялары талданды

27 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Есеп, талдау және аудит: жаңа технологиялар, сын-қатерлер және даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара экономика ғылымының докторы, профессор Сария Баймұханованың 75 жылдық мерейтойына арналды.

Конференция жұмысына Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен экономика, бухгалтерлік есеп, аудит және қаржы саласындағы ғалымдар, сарапшылар мен практик-мамандар қатысты. Ғылыми іс-шара онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылды.

Конференция жұмысын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Жанна Ермекова ашты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Талғат Мекебаев ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау жолдауында профессор Сария Баймұханова экономикалық ғылым мен жоғары білім беру жүйесінің дамуына зор үлес қосқан танымал ғалым екені ерекше атап өтілді. Университет ректоры мерейтой иесіне көпжылдық ғылыми-педагогикалық қызметі мен университеттің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі. Конференция барысында профессор Сария Баймұхановаға ғылым мен білімді дамытудағы еңбегі үшін күміс медаль табысталды.

Конференция аясында Орталық Азия елдері мен Ресейдің белгілі ғалымдары мен кәсіби қауымдастық өкілдері баяндама жасады. Онда бухгалтерлік есеп пен аудитті цифрландыру, қаржы саласында жасанды интеллектіні қолдану, ESG-есептілікті дамыту, цифрлық экономика жағдайындағы басқарушылық есеп, компаниялардың инвестициялық тартымдылығы және тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері кеңінен қарастырылды.

Конференцияға қатысушылар профессор Сария Баймұханованың ғылыми мұрасы экономикалық ғылым мен практиканың дамуына әлі де елеулі ықпал етіп отырғанын атап өтті. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі