ҚазҰУ-дың цифрлық инфрақұрылымы жетілдіріледіFarabi University

ҚазҰУ-дың цифрлық инфрақұрылымы жетілдіріледі

27 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев China Mobile өкілдігінің бас директоры Ли Вэньчжун мен H3C Kazakhstan компаниясының директоры Лян Чжэнмен кездесу өткізді. 

Тараптар университеттің цифрлық трансформациясын және «Ақылды қалашық» (Smart Campus) концепциясын енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Әңгіме барысында қалашықтың барлық аумағын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, сондай-ақ студенттерді ақпараттық технологиялар саласында кәсіби дайындау мақсатында бірлескен ғылыми зертхана құру мәселелері қаралды.

Кездесуде оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың IT, ақпараттық және цифрлық технологиялар саласындағы қазіргі жетістіктерімен таныстырып, университеттің жаңа технологияларды енгізуге және заманауи білім беру стандарттарына сай цифрлық инфрақұрылым құруға деген ұмтылысын атап өтті.

 

China Mobile және H3C Kazakhstan өкілдері өз тарапынан жоғары оқу орнының цифрлық бастамаларын қолдауға дайын екенін айтып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді. Бұл ынтымақтастық университет қалашығының әлеуетін арттыруға, студенттер мен оқытушылар үшін ыңғайлы және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Жүздесу соңында қос тарап ұзақ мерзімді серіктестік орнатып, жол картасын әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобын құруға уағдаласты. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі