Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары Оңтүстік Корея мектептерінде Қазақстан мәдениетін таныстырудаFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары Оңтүстік Корея мектептерінде Қазақстан мәдениетін таныстыруда

27 қаңтар, 2026

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Корея Республикасының Кёнги провинциясының Білім басқармасы арасында 2024 жылы қол қойылған меморандум аясында корей мектептерінде оқытушы ассистенттерін тартуға бағытталған халықаралық бағдарлама жүзеге асырылуда.

 

Аталған бағдарлама бойынша екі кезеңдік іріктеуден сәтті өткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасының магистранттары қазіргі таңда Кёнги провинциясының мектептерінде оқытушы ассистенті қызметін атқаруда. Олар – «Аймақтану» мамандығының магистранты Жания Қожахметова және «Шығыстану» мамандығының 2-курс магистранты Субебек Балнұр. Сонымен қатар, үшінші кезеңде өткен іріктеу нәтижесінде «Шығыстану» мамандығы магистратурасының түлегі Қалиева Гүлден де іріктеуден өтіп, қазіргі уақытта халықаралық бағдарлама аясындағы құжаттарды рәсімдеу үстінде.

Бағдарлама аясында ҚазҰУ магистранттары корей оқушыларына Қазақстанның бай мәдени мұрасын таныстыруға бағытталған сабақтар өткізуде. Сабақ барысында қазақ халқының ұлттық дәстүрлері, музыкасы, өнері мен салт-жоралары кеңінен қамтылып, домбыра, киіз үй, асық ойындары сияқты ұлттық құндылықтар интерактивті әдістер арқылы ұсынылады. Корей оқушылары бұл сабақтарға ерекше қызығушылық танытып, белсенді түрде сұрақтар қойып, пікір алмасады.

 

Магистранттардың айтуынша, корей оқушылары Қазақстан тарихы мен мәдениетіне ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия халықтарының ерекшеліктеріне де зор қызығушылық білдіреді. Бұл бағдарлама мәдениетаралық диалогты нығайтып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты дамытуға маңызды үлес қосуда.

Сонымен бірге, ҚазҰУ магистранттары Оңтүстік Кореяда тұратын ТМД елдерінен келген балалармен де жұмыс жүргізуде. Соңғы жылдары бұл елге қоныс аударатын отбасылар санының артуына байланысты балалардың жаңа тілдік және мәдени ортаға бейімделуіне қолдау көрсету өзекті мәселеге айналған. Осы бағытта Орталық Азия халықтарының мәдениетін насихаттайтын іс-шаралар, ұлттық ойындар мен тағамдар күндері ұйымдастырылып келеді.

Бағдарлама аясында магистранттар Оңтүстік Кореяның білім беру жүйесімен де жан-жақты танысуда. Мұнда бастауыш, орта және жоғары мектеп деңгейлерінде оқыту әдістері айқын сараланып, мультимедиялық технологиялар мен интерактивті оқу материалдары кеңінен қолданылады. Бұл тәжірибе қазақстандық магистранттардың өз сабақтарын жаңаша форматта ұйымдастыруына мүмкіндік беріп отыр.

Аталған халықаралық бағдарлама Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған. Осы мүмкіндікті ұсынған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, атап айтқанда Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департаментке, Академиялық мәселелер жөніндегі департаментке, сондай-ақ Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасына жобаға қатысушы магистранттар өз алғыстарын білдіреді.