- Басты бет
- Ғылым
- ҚАЗАҚСТАНДА САПАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ (CBPR) ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ОНЛАЙН-СЕССИЯ ӨТТІ
ҚАЗАҚСТАНДА САПАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ (CBPR) ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ОНЛАЙН-СЕССИЯ ӨТТІ
2026 жылғы 29 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Гонконг политехникалық университетінің зерттеушілері және докторанттарының қатысуымен бесінші интерактивті командалық онлайн-сессия өтті. Кездесу қандас жастардың күнделікті өмірін, жаңа әлеуметтік ортаға бейімделуін және әлеуметтік ықпалдасу тәжірибесін зерттеуге арналған пилоттық жобаның әдіснамалық мәселелеріне арналды. Қатысушылар зерттеу сұрақтарын, іріктеу тәсілдерін, деректер жинау әдістерін және жастарды зерттеу үдерісіне тарту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуді Гонконг политехникалық университетінің Қолданбалы әлеуметтік ғылымдар департаментінің қауымдастырылған профессоры, PhD, тіркелген әлеуметтік қызметкер (RSW), әлеуметтік қызметтер саласындағы Thetos Foundation Young Scholar атағының иегері, PolyU тарапынан жобаның жетекшісі (PI) Кристал Кван; әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі Абдирайымова Гульмира Сериковна; жобаның бірлескен жетекшісі (Co-PI), PhD, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушысы, кафедра меңгерушісінің ғылыми-зерттеу жұмысы және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Саймасаева Аружан Айдархановна ұйымдастырды.
Қатысушылар қандас жастардың күнделікті өмірі, әлеуметтік ортаға бейімделуі, қолдауға деген қажеттіліктері, өзіндік бірегейлігі және болашаққа қатысты жоспарлары жөніндегі ұсыныстарды қарастырды. Шағын топтардағы талқылау нәтижесінде жастардың күнделікті өмір тәжірибесін бейімделу және әлеуметтік ықпалдасу мәселелерімен байланыстыра зерттеу жөнінде ортақ бағыт қалыптасты. Жастардың қиындықтарымен қатар, олардың мүмкіндіктерін, жетістіктерін және жинақтаған тәжірибесін зерттеудің маңызына ерекше көңіл бөлінді. Гонконг политехникалық университеті тарапынан жобаның жетекші зерттеушісі (PI), қауымдастырылған профессор Кристал Кван зерттеу сұрақтарына табысты бейімделу оқиғаларын, маңызды бетбұрыстарды, әлеуметтік байланыстарды және ортаға тиесілілік сезімін қалыптастыратын жағдайларды енгізуді ұсынды. Мұндай тәсіл жастардың дербестігін, әлеуетін және өзара қолдау тәжірибесін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Кездесу қорытындысында келесі кезеңдегі бірлескен жұмыстың міндеттері айқындалды. Офлайн кездесуде деректер жинау хаттамаларын, жартылай құрылымданған сұхбат сұрақтарын және шығармашылық әдістерді қолдану тәртібін әзірлеу жоспарланды. Онлайн-сессия ҚазҰУ мен Гонконг политехникалық университеті арасындағы ынтымақтастықтың тәжірибелік жалғасы болды. 2024 жылы құрылған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Гонконг политехникалық университетінің Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы өңір үшін өзекті мәселелерді зерттеу, жас ғалымдарды қолдау және кәсіби қызметке ғылыми негізделген тәсілдерді енгізу мақсатында екі университеттің ғылыми және білім беру мүмкіндіктерін біріктіреді.
Іс-шара барысында көтерілген мәселелер Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы қызметінің мазмұнымен сабақтасты. Әлеуметтік жұмыста зерттеу мәдениетін дамыту мамандарды даярлау сапасын арттыруға, осал жағдайдағы адамдар мен отбасыларға көрсетілетін көмекті жетілдіруге және әлеуметтік ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, онлайн-сессия мазмұны Біріккен Ұлттар Ұйымының сапалы білім беру, теңсіздікті азайту, тиімді институттарды дамыту және халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған Орнықты даму мақсаттарымен үндесті.
Oнлайн-сессия зерттеу тобының ортақ әдіснамалық ұстанымдарын нақтылап, пилоттық жобаның келесі кезеңіне дайындықты ілгерілетті. Кездесу халықаралық ғылыми ынтымақтастықты докторанттардың зерттеу дағдыларын дамыту және қандас жастардың өмірлік тәжірибесін терең түсіну міндеттерімен ұштастырды. Талқыланған тәсілдер жастардың бейімделуіне ықпал ететін жағдайларды анықтауға және олардың қажеттіліктеріне сәйкес әлеуметтік қолдауды жетілдіру үшін ғылыми негіз қалыптастыруға бағытталды.
Басқа жаңалықтар