Сучжоу университетімен ынтымақтастық нығаядыFarabi University

Сучжоу университетімен ынтымақтастық нығаяды

28 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ҚХР Сучжоу университетінің делегациясын бастап келген проректор Чжан Чжэнбяомен кездесті. Сапардың мақсаты ғылым мен жоғары білім саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылауға арналды.

Жүздесу барысында Марғұлан Ибраимов ҚазҰУ Қытайдың 94 жоғары оқу орнымен белсенді ынтымақтастық орнатқанын, университет базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылғанын, сондай-ақ қашықтан зондтау, 5G технологиялары және басқа да бағыттар бойынша бірлескен зертханалар табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол университет жаңа келешегі зор бастамалар мен бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Сучжоу университетінің проректоры Чжан Чжэнбяо серіктестікті дамытуға жоғары қызығушылық танытып, университеттің ғасырдан астам тарихы бар Қытайдағы жетекші көпсалалы зерттеу орталықтарының бірі екенін атап өтті. Қонақ Сучжоу университетінің инженерлік және жаратылыстану ғылымдары саласында мықты базасы бар екенін, сондай-ақ азаматтық құрылыс, экология және материалтану бағыттарындағы бағдарламаларымен танымал екенін жеткізді.

Кездесу аясында тараптар өзара іс-қимылдың нақты форматтары: Huibo Robotics робототехника орталығы (FARABI HUB) базасында зерттеулерді дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосу және жоғары білікті мамандар даярлау үшін тағылымдамалар ұйымдастыруды талқылады. Марғұлан Қасенұлы екі университеттің ғылыми әлеуетін біріктіре отырып, инновациялық гранттық жобаларды жүзеге асыруды және бірлескен зерттеу платформаларын құруды ұсынды.

Сапар соңында делегация мүшелері ҚазҰУ музейін аралап, кампус инфрақұрылымымен танысты және алдағы ынтымақтастықтың жоспарын әзірлеу жөнінде уағдаласты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі