ҚазҰУ ғалымы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы атандыFarabi University

ҚазҰУ ғалымы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы атанды

28 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультетіндегі Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының аға оқытушысы, PhD Арайлым Есенбекова 2025 жылға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» мемлекеттік грантының жеңімпазы атанды.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысының бастамасымен дарынды әрі болашағынан үміт күттіретін жастарды қолдау мақсатында 2021 жылы құрылған. Отыз адамға 3 миллион теңге көлемінде грант сертификаты табысталды. Жеңімпаздарды ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады.

Арайлым Есенбекқызы ұсынған ғылыми жоба қант диабетінің микро- және макроқантамырлардың асқынулары кезіндегі эндотелиалды дисфункцияның молекулалық механизмдерін зерттеуге бағытталған. 

2024 жылы б.ғ.к., профессор Нұржанат Абылайханова және  шетелдік профессор Ирина Русанованың (Гранада, Испания) жетекшілігімен Арайлым Есенбекова ғылыми докторлық диссертациясын қорғап, екі елдің философия докторы ғылыми дәрежесін алды.

Келісімшарт негізінде, халықаралық серіктестік аясында испаниядағы Гранада университетінің зерттеушілерімен бірге Биомедицина зерттеу орталығының «Жасушааралық байланыc CTS-101» зертханасында  ғылыми жобаларды жүзеге асыруға қатысқан.  Бірлескен жұмыс нәтижесінде соңғы бес жылда шетелдік университеттің профессорымен бірлесіп Q1 тобына кіретін Web of Science журналында және Scopus базасында CiteScore бойынша жоғары көрсеткішке ие бірнеше мақала жариялаған.

2018 жылдан қазіргі таңға дейін Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасында  аға оқытушы болып жұмыс істейді. Жас зерттеуші «ҚазҰУ үздік жас ғалымы» және «Болашақ» бағдарламасының жеңімпазы, сонымен қатар «500 ғалым» жобасының стипендия иегері.

Қазіргі уақытта Арайлым Есенбекқызы 2025-27 жж. «Жас ғалым» жобасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын жобаның жетекшісі. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі