Ғылымды дамыту мәселелері пысықталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу орнының халықаралық ғылыми кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған кездесулер Экономика және бизнес жоғары мектебі мен химия және химиялық технология факультетінде өтті.
Басқосулар барысында ҚазҰУ Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Қуаныш Тастамбек университет пен факультеттердің халықаралық рейтингтердегі ғылыми көрсеткіштерін саралап, зерттеу қызметін одан әрі дамыту жолдарына тоқталды. Шетелдік жетекші университеттердің тәжірибелерімен бөлісе отырып, ғылыми жұмыстардың сапасын арттыруға қатысты бірқатар нақты ұсыныстар айтты.


Атап айтқанда шетелдік және отандық ғалымдармен бірлескен ғылыми мақалалар жариялау, халықаралық ғылыми деректер базаларында индекстелетін журналдардағы жарияланымдар санын көбейту, дәйексөз келтіру көрсеткіштерін арттыру, сондай-ақ ғылыми кадрлардың әлеуетін нығайту мәселелері көтерілді. Бұған қоса, жас ғалымдарды қолдау, докторанттар мен магистранттардың ғылыми жобаларға белсенді қатысуын қамтамасыз ету және олардың сапасын арттыру қажеттігі айтылды.


Кездесу барысында оқытушы-ғалымдар ғылыми қызметте кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салып, ғылыми жобаларды іске асыру мен жарияланым дайындау үдерісіне қатысты ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған ғылыми бастамаларымен бөлісті.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар