Конституция және қоғам: бүгінгі шешім – ертеңгі өмірFarabi University

Конституция және қоғам: бүгінгі шешім – ертеңгі өмір

30 қаңтар, 2026

 

Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформа бойынша жұмыс комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Бұл оқиға қоғам үшін шынымен аса маңызды. Себебі мұнда елдің Негізгі заңы – Конституцияға қатысты өзгерістер талқыланады. Ал Конституциядағы әрбір түзету тек құқықтық мәтін емес, ол:

– азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты қорғалу деңгейіне,

– мемлекет пен қоғам арасындағы қатынасқа,

– елдің болашақ саяси-құқықтық даму бағытына тікелей әсер етеді.

Сондықтан мұндай отырыстарда қабылданатын шешімдер бүгінгі күн үшін ғана емес, келешек ұрпақтың өмір сүру ортасын қалыптастыру тұрғысынан да маңызды. Азаматтардың құқықтық кепілдіктерін нығайту, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру және құқық үстемдігін күшейту — конституциялық реформаның басты мәні осы деп есептеймін.

Университет оқытушысы ретінде мен үшін бұл процесс тек ғылыми немесе кәсіби қызығушылық емес. Бұл – студенттерге үйрететін құқықтық мәдениетпен, азаматтық жауапкершілікпен тікелей байланысты мәселе. Жастардың құқықтық санасы мен мемлекетке деген сенімі дәл осындай ашық әрі мазмұнды реформалар арқылы қалыптасады.

Қоғам үшін маңызды мәселелерге бейжай қарамай, ақпаратпен танысып, өз пікірімізді білдіру — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Байтенова Н.Ж.

«Исламтану» 1 курс докторанты Жүнісбаев Ш.Д.