ЖУРНАЛИСТ БОЛСАҢ…. Клара ҚАБЫЛҒАЗЫ, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының профессоры. Ұзақ жылдар бойы ұрпаққа білім дарыту, тәрбие беру ісімен айналысып келе жатсам да алғаш еңбек жолын аудандық газеттен бастағанымды, мақтан етемін.Дипломды қалтаға салып алған соң «Ильич жолы» деп аталатын Іле аудандық газетіне әдеби қызметкер болып орналастым.Ол кезде жұмысқа жіберетін оқу орнының өзі. Алғашқы іссапарымның тапсырмасы қызылшаның технологиясы жөнінде болды.Плантацияға баруын бардым,бригадирден сұқбат алдым.Маған белгісіз кәсіби жаргондармен ол кісі біраз сөйлеп берді.Қазіргідей дыбыс жазу құралдары жоқ ол кезде,блокнотыма үлгергенімді жазып алдым. Ертесіне мақалаға кірісейін десем,неше түрлі түсініксіз нәрселер жазыппын, мақала жазылмады, өзім қызылшаның ағаштың басында ма әлде жердің астында өсетінінен бейхабар екенмін.Яғни жазатын тақырып төңірегінде дайындық та болмаған. Газет тікелей аудандық партия комитетіне бағынады,ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ысқақ Молдафин деген кісіден алғашқы сөгісті алдым. Аудандық газеттің «бұрқ-сарқ қайнап жататын қазанында піскен» журналистер журналистиканың қай саласында болмасын оза шабары анық. Сондықтан да өңірлік баспасөз — кадрлардың теориялық білімдерін тәжірибемен бекітуіне үлкен ықпал жасайтын мектеп . Бұл ретте әрине,елдің ертеңі үшін қызмет ететін ,ұлттық руханиятқа, қоғамдық өмірге үн қосатын көсемсөзшілерді дайындайтын журналистика факультетінің маңызы ерекше екені даусыз. Біздің факультетте бұрынғыдай емес, журналистер даярлауда алға басушылық бар. Өйткені, Болонь үдерісі деген халықаралық стандартқа көшіп, республика оқу орындарының ішінде алғаш рет инновациялық- технологиялық өзгерістермен оқытуды бастаған осы ҚазҰУ болатын. Сондықтан,ҚазҰУ-дың әлем елдері алдындағы беделі жоғарылай түсті.Әлемдік ең озық, «үздік 300 топ» деген бар ғой, содан орын алу — үлкен мәртебе. Қасиетті бабамыз әл Фараби есімімен аталған Қазақ Ұлттық университеті — Ұлыбританияның жер жүзіне белгілі Quacquarelli Symonds (QS) әлемдік халықаралық агенттігі өлшемдері бойынша 275 –орынға іліккен болатын оқу ордасы. Әрине, тек атақ қана емес, оқу процесіне де өзгерістер көп енді, жаңа тәсілдер қолданыла бастады, бүкіл процесс электронды жүйемен іске асатын болды.Бизнес инкубаторлар ашылып, Stаrt-up жобалар жүзеге асып,студенттерді жаңалық ашуға бағыттау жолға қойылуда. Жас ғалымдардың озық идеяларын қолдау арқылы ұлт ғылымын өрістету дами түсуде.Кембридж, Оксфорд сияқты әлемге аттары әйгілі оқу орындарының оқу бағдарламаларына сәйкестендіріп оқытуды және өзіндік ерекшеліктерімізді ескере отырып дамытуды алға қойған оқытушы-профессорлар қауымында бүгінде тыныштық жоқ. Өйткені, қағазы сарғайып кеткен, атам заманғы жазылған дәрістерді оқып, шәкірт алдына шығу дегеннің заманы өткен. Оларға күнделікті жаңа дүние ұсыну, әлемдік құбылыстардан хабардар етіп отыру, тәжірибемен ұштастыру, жаңа технологияларды меңгертуге әр ұстаз ұмтылған кезең.Уақыттың талабы сол. 21 ғасыр ақпараттар ғасыры деген осыдан байқалады. Бәсекеге қабілетті маман дайындау деген де өте маңызды мәселе. Бәйге, бәсеке деген қай заманда да болған ғой… Кім білімді болса, кім қабілетті , қарымды болса, кім қолға алған шаруасын шырқ үйірер жылдам, пысық болса, осының бәрін мобильділік деп атап жүрміз — табыс, үлес соныкі. Бұл қасиеттер әсіресе, журналистерге қатысты.Әлемдік, отандық ақпараттарды білгісі, көргісі келіп шөліркеп отырған халықты ақпаратпен қамтамасыз ететін ең алдымен осы журналистер. Әрине, оқу орындарының еш қайсысы әлдекімнің төбесін ашып, білімді құйып бермейді, оқытушылар оларды ынталандырады, шәкірттің мектепте алған білімін жетілдіреді, алатын кәсібіне сай мамандандырады, талантын ,қабілетін ұштайды. Тіпті жастардың отбасында алған тәрбиесінің жағымды жаққа қарай өзгергенін көріп қуанатын кездеріміз де баршылық. Тек дәрісімізді оқып бола сап, аудиториядан шығып кетпейміз. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» дегенді ескеріп,елі, халқы үшін ардың ісін арқалайтын азаматтар тәрбиелеу ұстаздар қауымының ар-ұжданының алдында жауап берер қасиетті ісі екенін әрдайым мойындауымыз керек. Сол үшін де жастар тәрбиесіне көп көңіл бөліп, аналық, ұстаздык парыз ретінде көмек көрсетуге ұмтыламыз. Болашақ журналист болғысы келетін жастарға ескерте кетер тағы бір жай – бізде ҰБТ-ға ешқандай тәуелділік жоқ. Аттестаттағы жалпы журналистикаға қатысты екі пәнді , атап айтқанда қазақ тілі мен тарихтың нәтижесіне қараймыз. Сонан кейін барып екі шығармашылық емтиханның бағаларын қосамыз. Жалпы аттестаттағы баллдың, мемлекеттік оқу ордаларына баратындардың, 70 пайыздан төмен болмауы жөнінде ҒБ Министрлігінің шығарған заңын басшылыққа аламыз.Бәсекеге қабылетті мамандардың дайындалуы оқу орындарының аздығына немесе көптігіне байланысты емес. Ол берілетін білімнің сапасына қатысты. Ал білім сапасы оқытушылар құрамының біліктілігіне байланысты. Оқытушы тек білімділігімен ғана емес , өмір сүру дағдысымен де, жан-болмысымен де үлгі болуы тиіс. Әрине, жаңалыққа жаны құмар жастардың ортасында жүріп, өмірдің дамуына ілесе алмауға, күнделікті болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарауға қақымыз жоқ.Замана беталысы — тек алға ұмтылу.