ҰЛТТЫҚ БАСЫЛЫМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!Farabi University

ҰЛТТЫҚ БАСЫЛЫМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

2 ақпан, 2026

Құрметті баспасөз қызметкерлері!

 

Сіздерді Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы бүгінгі құттықтауында: «Бұқаралық ақпарат құралдары әділетті Қазақстанды құруға және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға елеулі үлес қосып келді.

Баспасөз өкілдері конституциялық реформаны, сондай-ақ тұтас мемлекеттік жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған басқа да ауқымды өзгерістерді БАҚ-та жариялау кезінде конструктивті жұмыс істеуі тиіс», – деп атап өтіп, журналистердің осынау аса маңызды іске белсенді атсалысатынына сенім білдірді.

Қазіргі қоғамда ақпараттың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Ел өміріндегі өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, қоғамдық диалогтың дамуына ықпал етіп жүрген баспасөз қызметкерлерінің еңбегі айрықша құрметке лайық.

Журналистика – жауапкершілік пен адалдықты, кәсіби шеберлік пен азаматтық ұстанымды талап ететін сала.

Ұлттық басылымдар ел тарихының шежіресі, қоғамдық сананың айнасы ретінде ұлт болмысы мен рухани құндылықтарды сақтауда маңызды рөл атқарады.

Бүгінгі буын журналистері осы асыл мұраны заман талабына сай дамытып, ақпарат кеңістігінде сапа мен сенімге негізделген жұмыс жүргізіп отыр.

Қаламы ұшқыр, ойы сергек баспасөз өкілдері қоғамдық пікір қалыптастырып қана қоймай, ұлттық сана мен рухани құндылықтарды нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті отандық баспасөзбен өзара әріптестікті нығайтып, ғылыми-танымдық ақпараттың кең таралуына және жас мамандардың кәсіби қалыптасуына бағытталған жүйелі жұмыстарды нәтижелі іске асыра береді.

Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге  табыс тілеймін!

 

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ