ҚазҰУ-да «Жас Алаш» газетінің 105 жылдығы аталып өттіFarabi University

ҚазҰУ-да «Жас Алаш» газетінің 105 жылдығы аталып өтті

3 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлттық баспасөз күніне орай, «Жас Алаш» газетінің 105 жылдығына арналған «Жас Алаш» – ұлттық идея мен қоғамдық диалогтың мінбері» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті.

 

 

Шараны журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай құттықтау сөзімен ашты. Декан өз сөзінде «Жас Алаш» газетінің ұлттық журналистика тарихындағы орны мен қоғамдағы жауапты миссиясына тоқталып, басылым ұжымын мерейлі белесімен құттықтады. Дөңгелек үстел отырысы барысында ҚазҰУ ректорының атынан «Жас Алаш» газетінің ардагерлері марапатталды.

Жиында «Жас Алаш» газетінің өткені мен бүгіні, публицистикалық дәстүрі, ұлттық идеяны насихаттаудағы рөлі және жаңа медиа дәуіріндегі даму бағыттары жан-жақты талқыланды. Жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбек «Жас Алаш – жаңашыл газет» тақырыбында баяндама жасап, басылымның шығармашылық ерекшелігіне тоқталды. Ал «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Ерік Рахым «105 жылдық жол: «Жас Алаш» және ұлттық журналистиканың жауапты миссиясы» атты баяндамасында басылымның тарихи жауапкершілігіне тоқталды.

Шараға қатысқан ардагер журналист Нұрлытай Үркімбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбай, журналист әрі сыншы Әмірхан Меңдеке, филология ғылымының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, ақын Алмас Ахметбекұлы, жазушы-журналист Сәкен Сыбанбай өз баяндамаларында газеттің шындықты ту еткен ұстанымы, қоғаммен диалог мәдениетін қалыптастырудағы рөлі жөнінде ой бөлісті. Ал Есей Жеңісұлы газеттің спорт журналистикасындағы орнына тоқталса, Асылхан Әбдрайым фотопублицистиканың маңызы туралы сөз қозғады.

Іс-шара барысында «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы Гүлнар Тәжиева, ҚазҰУ Ақпарат және коммуникациялар департаментінің бас сарапшысы Гүлзат Нұрмолда және «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары Жақсылық Қажымұратұлы ұлттық газеттің дәстүрі мен цифрлық дәуірдегі жаңа ізденістері туралы пікірлерін ортаға салды.

Жарыссөз барысында қатысушылар «Жас Алаш» газетінің ұлттық сана мен қоғамдық пікір қалыптастырудағы тарихи рөліне жоғары баға берді.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі