ТДМ-4 «Жас Алаш» газетіне 105 жыл. Ұлттың үні, алаштың айбыны болған баба басылым бүгінгідей цифровизация заманына да есен-сау жетті. ҚазҰУ журналистика факультетінде Ұлттық басылым күніне орай «Жас Алаш» газетінің 105-жылдығына арналған ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара аясында университет кітапханасы ұйымдастыруымен «Жас Алаш» - ғасыр шежіресі» көрмесі өтті. Жас алаштың фотошежіресі жасалған фотогалерея ұйымдастырылды.
Іс-шара Басқарма төрағасы - ректор Жансейіт Қансейітұлының құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде «Жас Алаш» газетінің ұлттық журналистика тарихындағы орны мен қоғамдағы жауапты миссиясына тоқталып, басылым ұжымын мерейлі белесімен құттықтады. Дөңгелек үстел барысында «Жас Алаш» газетінің өткені мен бүгіні, публицистикалық дәстүрі, ұлттық идеяны насихаттаудағы рөлі және жаңа медиа дәуіріндегі даму бағыттары жан-жақты талқыланды.
Бас баяндамашы жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбек «Жас Алаш – жаңашыл газет» тақырыбында баяндама жасап, басылымның шығармашылық ерекшелігіне тоқталды. Ал «Жас Алаш» газетінің жуырда тағайындалған бас редакторы Ерік Рахым «105 жылдық жол: «Жас Алаш» және ұлттық журналистиканың жауапты миссиясы» аталған баяндамасында басылымның тарихи жауапкершілігі туралы тоқталды.
Іс-шараға газеттің әр жылдарында қызмет еткен бірнеше буын «алаштықтар» қатысты. Ғасырдан астам тарихында «Жас алаштың» әр жылдардағы бас редакторлары өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Алғашқы бас редактор, жастар қозғалысының жетекшісі болған Ғани Мұратбаев газетті басқарғанда небәрі 21 жаста болған екен. Кеңестік дәуірде де ұлттық тұғырдан таймаған басылым халық сүйіктісі болған, әлі де солай.
Қазақ баспасөзінің сардарлары Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов басқарған жылдардың өз тарихы сүбелі. Бертінгі заманда Уәлихан Қалижан, Төрехан Данияр, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек сияқты журналистика қайраткерлері газетті шығармашылықтың ұшпағына шығарды.
Ардагер журналист, газетте Сейдахмет Бердіқұлов, Ualikhan Kalizhanov басқарған тұсында қызмет еткен Нұрлытай Үркімбай сол жылдардың жылы естелігімен бөлісті. «Жас Алашта» 14 жыл бас редактор орынбасары болған журналист, сыншы Әмірхан Меңдеке, «Жас алаштың» ұлт руханиятын түгендеудегі үлесін қаузаған ф.ғ.к. Сағатбек Медеубекұлы, газеттің 1993-96 жж. өнер бөлімінде қызмет еткен ақын Алмас Ахметбекұлы, жазушы, журналист Есей Жеңісұлы да «Жас Алаштың» шындықты ту еткен ұстанымы, қоғаммен диалог мәдениетін қалыптастырудағы рөлі жөнінде ой бөлісті. Асылхан Абдраимулы «Жас алаштағы» фотопублицистиканың маңызы туралы сөз қозғады.
«Жас алашта» әр жылдары қызмет еткен «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы Gulnar Taji , ҚазҰУ ақпарат және коммуникациялар департаментінің бас сарапшысы Gulzat Nurmolda және «Жас Алаш» газетінің бас редакторының орынбасары Жақсылық Қажымұратұлы ұлттық газеттің дәстүрі мен цифрлық дәуірдегі жаңа ізденісі туралы пікірлерін ортаға салды.
Шара аясында ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Қансейітұлы атынан «Жас Алаш» газетінің ардагерлері Жүсіпбек Қорғасбек, Әмірхан Меңдеке, Асылхан Әбдірайым, Алмас Ахметбекұлы университет дамуына қосқан зор үлестері үшін «Ерен еңбегі үшін», «Фараби» алтын медалімен марапатталды. Құтты болсын, ғасырдан аса жасаған мәңгі «Жас Алаш»! Газет тізгінін қолға алған іскер, білікті азамат Ерік Рахым бауырымызға да еңбегі жана берсін деп тілейміз!
Басқа жаңалықтар
21 наурыз, 2026
21 наурыз, 2026
21 наурыз, 2026