ҚазҰУ Бизнес мектебі блокчейн негізіндегі цифрлық дипломдарды енгізді
Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті елдің жетекші зерттеу университеті ретінде мемлекеттік күн тәртібін қолдап, білім беру үдерістеріне цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект құралдарын белсенді түрде енгізіп келеді.
Аталған стратегияны іске асыру аясында ҚазҰУ Бизнес мектебі блокчейн технологиясы негізінде цифрлық дипломдар беру жөніндегі инновациялық жобаны іске қосты. Бұл бастама цифрлық экономиканың талаптарына және халықаралық стандарттарға сай келетін білім жетістіктерін растаудың заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Түлектер мен жұмыс берушілер тіркелетін NFT-дипломдар базасын құру HR саласында жаңа тәсілді қалыптастырып, дағдылардың еңбек нарығы талаптарына дәл сәйкестігін қамтамасыз етуге, жұмысқа қабылдау үдерістерін жеделдетуге және жұмыспен қамту сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет үшін негізгі стейкхолдер ретінде мұндай жүйе еңбек нарығының ашықтығын арттыру, мамандық бойынша жұмысқа орналасу үлесін көбейту және білім беру бағдарламаларының тиімділігін объективті әрі тексерілетін деректер негізінде талдау мүмкіндігі арқылы қосымша құндылық қалыптастырады.
Жобаны жүзеге асыру университет түлектеріне дипломдар мен академиялық жазбаларды заманауи, қауіпсіз және халықаралық деңгейде танылатын цифрлық форматта алуға мүмкіндік береді. Блокчейн технологиясын пайдалану деректердің өзгермейтінін, жалғандықтан қорғалуын қамтамасыз етіп, әлемнің кез келген нүктесінде құжаттардың түпнұсқалығын жедел тексеруге жағдай жасайды.
Цифрлық дипломды енгізу тек технологиялық жаңашылдық қана емес, сонымен қатар білім беру ортасын жаңғыртудың, университеттерді жаһандық цифрлық кеңістікке интеграциялаудың және елдің адами капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жүйелі құралына айналып отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар