Жаңа Конституция жобасында қазақ тілі туралы
Ел өміріндегі маңызды құқықтық құжат – қазіргі жаңа Конституция жобасы. Қазіргі таңда басты назар аударып, талқыланып жатқан тұсы - қазақ тіліне қатысты. Бұл әрине, бүгінгі күнгі уақыт талабынан туған қажетті және маңызды қадам. Қазақ тілі – мемлекеттің негізін құрайтын басты құндылықтардың бірі, ұлттың рухани өзегі. Сондықтан оның мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін нақтылап, қолданылу аясын кеңейту конституциялық деңгейде бекітілуі қоғамның тұтастығы мен болашақ дамуы үшін аса маңызды екендігі баршамызға аян.
Жаңа конституцияда қазақ тілінің орны нақты, түсінікті және өміршең түрде бекітілсе, ол елдің бірлігін нығайтып, келешек ұрпаққа берік тілдік негіз қалдырады. Мемлекеттік тілге деген құрмет – мемлекетке деген құрмет екендігін әр қазақ түсінеді, әрі мойындайды. Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде елдің құқықтық, саяси және әлеуметтік өмірінде ерекше орын алады.
Алайда бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, іс жүзінде барлық салада толық қолданылмайтынын білеміз. Филолог ретінде тіпті туған тіліміздің заңды басымдығының әрекетсіз екендігі қынжылтады. Сондықтан жаңа Конституцияда мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты айқындау және оның қолданылу аясын кеңейту мемлекеттік басқару, білім беру, сот ісін жүргізу және басқа да қоғамдық салаларда қазақ тілінің толыққанды пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталады деп сенеміз.
Егер қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі басымдығы конституциялық деңгейде бекітілсе, өзге тілдердің қолданылуына шектеу қойылады деп ойлау мүлдем қате. Керісінше қазақ тілі мемлекеттің біртұтастығы мен ұлттық бірегейліктің негізгі тірегі болатыны сөзсіз. Себебі тіл иесі қазақтың толеранттығын ескеру орынды деп білемін.
Қазақ тілі Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымының, ұлттық бірегейлігінің және қоғамдық тұтастығының іргелі негіздерінің бірі болып саналады. Қазақ тілінің конституциялық мәртебесі біз ұсыныс етіп отырғандай айқындалса, еліміздің бұдан былай да ұзақ мерзімді стратегиялық мүдделеріне сай келеді. Құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Қазақ тіліне қатысты жұрт талабы ескеріліп, өзгерістер енгізілсе, онда елдің тұрақты дамуына және болашақта ұрпақ игілігі үшін тілі қызмет ететіні - ұлттың рухани өзегі екендігі дәлел.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Смағұлова Гүлдархан Нұрғазықызы
Басқа жаңалықтар