Жаңа Конституция – болашаққа сенімді қадам
Қазақстан Республикасының 2026 жылға арналған жаңа Конституция жобасы елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуының жаңа кезеңіне жасалған маңызды қадам. Бұл жоба қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталып, мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайды және келер ұрпақтың мүддесін қорғауды көздейді. Сондықтан оны ел болашағына әсер ететін тарихи маңызы бар құжат деп бағалауға болады.
Осы Конституция жобасында тіл, білім беру және ғылым салаларына ерекше назар аударылып, Конституцияның 9-бабының 1-тармағында қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі нақты әрі айқын бекітіліп, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуын қамтамасыз етуге негіз қаланған. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтаудың, халықтың тарихи тамыры мен мәдени құндылықтарын нығайтудың ең үздік жолы. Сонымен қатар, Қазақстанның көпұлтты мемлекет екені ескеріліп, өзге ұлт өкілдерінің тілдерін дамытуға және қолдануға жағдай жасау мәселесі де назардан тыс қалмаған, мұндай теңгерім мемлекеттің қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты сақтап, ұлттар аралық құрмет пен түсіністікті нығайтуға негіз болады.
Жаңа Конституция жобасында білім беру мен ғылым саласына ерекше мән берілуі бүгінгі заман талаптарына толықтай сай келетін шешім. Құжатта білім, ғылым және инновация стратегиялық басымдық ретінде белгіленіп, елдің болашағы білімді, бәсекеге қабілетті және саналы ұрпақпен тығыз байланысты екенін айқын көрсетеді. Білімді қоғам тұрақты дамудың және экономикалық өсудің негізгі кепілі екені бәрімізге мәлім, сондықтан да бұл бағыттағы өзгерістер мемлекетіміздің халықаралық деңгейде білім беру саласында бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, бұл жобада заң үстемдігі, азаматтардың теңдігі, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, әлеуметтік әділеттілік пен қоғамдық келісім мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп, адам құқықтары басты құндылық ретінде қарастырады. Бұл нормалар әрбір азаматтың мемлекет алдындағы ғана емес, керсінше мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігін де арттырады. Осы қағидаттардың Конституцияда нақты бекітілуі халықтың мемлекетке деген сенімін күшейтіп, азаматтық қоғамның дамуына жол ашады.
Жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер тек заң мәтінін жаңарту немесе формалды түзетулер енгізу ғана емес, ондағы қағидаларды нақты өмірде іске асыруға бағытталған жүйелі шешім деп есептеймін. Конституцияда көрсетілген нормалардың іс жүзінде орындалуы қоғамдағы әділеттілікті нығайтып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Қорытындылай келе, 2026 жылғы жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғауды, әділеттілік пен тұрақтылықты нығайтуды мақсат еткен, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып елдің болашағына бағытталған, Қазақстан Республикасының дамуына қызмет ететін көреген әрі жауапты мемлекеттік қадам болып табылады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университети, Филология факультеті, Шет тілдері кафедрасы аға оқытушы Гайипова Гулипа Абдырайимовна
Басқа жаңалықтар