«Қоғамда тыныштық болуы үшін заң мен тәртіпті сақтау» тақырыбындағы кездесу
2026 жылғы 9 ақпанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Студенттер қалашығы мамандарының ұйымдастыруымен №17 Студенттер үйінде «Қоғамда тыныштық болуы үшін заң мен тәртіпті сақтау» тақырыбында тәрбиелік-мағыналық жиналыс өтті. Іс-шараның басты мақсаты – студенттер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіру, сондай-ақ қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыру болды.
Жиналысқа Филология факультетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі деканның орынбасары Шортанбай Шохан арнайы қатысып, студенттерге мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзінде заң мен тәртіптің қоғам өміріндегі маңызын атап өтіп, құқықтық нормаларды сақтау – бейбіт және қауіпсіз орта қалыптастырудың негізгі кепілі екенін жеткізді. Сонымен қатар, студенттік ортада кездесетін тәртіп бұзушылықтардың алдын алу, өзара сыйластық пен жауапкершілікті күшейту мәселелеріне ерекше тоқталды.
Кездесу барысында студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, заң талаптарын сақтамаудың салдары, азаматтық құқықтар мен міндеттер туралы түсіндірме жүргізілді. Жиналыс ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ой-пікірлерін білдіріп, қоғамдағы тыныштықты сақтауда жастардың рөлі зор екенін атап өтті.

