Т.Ізтілеуұлы мұрасы және заманауи ғылыми ізденістер: республикалық конференция қорытындысыFarabi University

Т.Ізтілеуұлы мұрасы және заманауи ғылыми ізденістер: республикалық конференция қорытындысы

10 ақпан, 2026

Филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы ТДМ 4 «Сапалы білім» аясында белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Кәрібозов Ерхан Кәрібозұлының 50 жылдық мерейтойына арналған «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы мұрасын зерттеудегі өзекті мәселелер мен заманауи ғылыми парадигмалар» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізді.

Конференция барысында Тұрмағамбет Ізтілеуұлының бай әдеби мұрасымен қатар, Ерхан Кәрібозұлының ақын шығармашылығына арналған іргелі зерттеулері арнайы талқыланып, ғалымның Тұрмағамбеттану саласына қосқан ғылыми үлесі, қалыптастырған тұжырымдары мен методологиялық ұстанымдары жан-жақты сараланды.

Пленарлық мәжілісте ф.ғ.д., профессор Б.Ө.Жолдасбекова, ф.ғ.д., профессор З.Н. Сейітжанов, ф.ғ.д., профессор Ж.Д.Дәдебаев, ф.ғ.д., профессор И.Жеменей, ф.ғ.к., профессор Ұ.Жанбершиева, ф.ғ.к. Л.Құндақбаева т.б. ғалымдар, докторанттар мен жас зерттеушілер қатысып, Тұрмағамбет мұрасын теориялық-әдіснамалық, рухани-танымдық және цифрлық гуманитаристика аясында қарастырды. Секциялық отырыстарда ақын поэзиясының интерпретациясы, ұлттық құндылықтар жүйесі, сондай-ақ әдеби білім берудегі заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен сөз болды.

Конференция қорытындысы бойынша Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармашылығын халықаралық ғылыми айналымға енгізу мақсатында конференция материалдары негізінде дайындалған ғылыми мақаланы «Новые исследования Тувы» журналына ұсыну; Ақын мұрасын жүйелі түрде зерттеу және насихаттау мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Қызылорда филиалымен бірлесіп дәстүрлі «Тұрмағамбет оқуларын» өткізу және конференцияға ұсынылған ғылыми материалдар негізінде электронды ғылыми жинақ әзірлеу жөнінде нақты ұсыныстар қабылданды.

Конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтуіне С.Д. Дәрібаев, Б.С. Сарбасов, А.Б. Темірболат, Е. М. Солтанаева, Г.Р. Даутова және жас ғалымдардан құралған ұйымдастыру тобы айрықша үлес қосты.