Қарттар - біздің асыл қазынамыз!Farabi University

Қарттар - біздің асыл қазынамыз!

5 ақпан, 2026

ТДМ-16 2026 жылдың 4 ақпанында «Заң мен тәртіп» акциясы аясында журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының аға оқытушысы Әлім Әселдің жетекшілігімен  3-курс студенттері Ерболат Қастер, Қабылхан Аяулым, Төлеуханова Айша, Маханов Даниал, Мейірхан Нұржалғас және эдвайзер, аға оқытушы, PhD Ержан Жумабеков бастаған 105 топ студенттері: Мәди Темірбек, Дидар Сұлтан «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болып қайтты. Қоғамдағы «Қарттар үйі» деп аталатын бұл мекемеде  300-ге жуық ата-әжелер тұрады, олардың 60 пайызы мүгедектер, кейбіреулері тіптен төсек тартып жатып қалғандар.

Бұл қайырымдылық шара концерт қоюдан басталды. Концертте PhD Ержан Жумабековтың  орындауында авторлық танымал, терең мағыналы «Өмір, өмір!» өлеңі, «Молдабай» сияқты халық әндері, термелер шырқалды.

3-курс студенті Қабылхан Аяулым ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бірнеше өлеңдерін жатқа оқыды, кеш ары-қарай қарттардан бата алумен, оларға сыйлық таратумен жалғасты.

Студенттер мен оқытушылар жеке-жеке қарттардың бөлмесіне кіріп, жағдайларымен таныс болды. Олар да жақында Меккеге қажылыққа барып келгендігі, мұндағы тұрмыс-тіршіліктің және ем-домның көңілдерінен шығатыны туралы ойларымен бөлісті.

Студенттер сол жердегі қызмет көрсетушілерден сұхбат ала отырып, олардың мінездері бала сияқты, әрқайсысының көңілін табу оңай емес екендігіне көздлері жетті. «Олардың көбісінің балалары бар, сол балаларынан таппаған  жылулықты біз береміз» -, дейді олар.

Қартайған ата-анасын тастап кету ата салтымызда болмаған қазағымызға жат қылық,. Бүгінгі қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді қатыгездіктің ең жоғары деңгейі деп бағалауы тиіс. Әрине, оларға жазаны заң бере ме, Құдай бере ме уақыттың еншісінде!