ҚазҰУ ғалымдары Қытайда тағылымдамадан өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары мен оқытушылары «China-Central Asia Advanced Computing Training Program» халықаралық білім беру тағылымдамасына қатысты.
Қытай Халық Республикасындағы Huazhong University of Science and Technology (HUST) университетінде ұйымдастырылған бұл жоба Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтудың маңызды кезеңі болды.

Бағдарламаға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннның IT-мамандары шақырылды. ҚазҰУ тарапынан тағылымдамаға қатысуды Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі, профессор Мәдина Мансурова үйлестірді.


Оқыту бағдарламасы заманауи IT-индустрияның негізгі бағыттарын қамтыды. Ол – жоғары өнімділікті (HPC) және параллель есептеулер, жасанды интеллект (Edge AI, LLM), компьютерлік көру және кванттық технологиялар. Лекторлар ретінде HUST университетінің жетекші профессорлары сабақ өткізді. Теориялық бөлімнен бөлек, қатысушылар университет зертханалары мен Ухан суперкомпьютер орталығына барып, қуатты есептеу инфрақұрылымымен танысты.

Делегаттар оқу барысында алған практикалық нәтижелерін тағылымдама жұмысының аяқталу кезінде таныстырды. ҚазҰУ атынан алғы сөздерді Аман Мұса мен Базаргүл Маткерім жеткізді. Сонымен қатар докторант Нұрдәулет Тешебаев «Robot Dog Project» модулі аясында әзірленген роботтың жұмысын көрсетті, бұл қатысушылардың қолданбалы дағдыларын жоғары деңгейде меңгергенін көрсетті.
Курсты табысты аяқтаған қатысушыларға HUST университетінің құрмет грамоталары мен ҚХР Ғылым және технология министрлігінің (MOST) мемлекеттік сертификаттары берілді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар