Театр – өмір: өшпейтін классик туындысы жаңаша көзбен
2026 жылғы 12 ақпаңыңда ТДМ 6 «Сапалы білім» бағытын іске асыру аясында Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы, эдвайзер Л.Б. Нагиятова ШТ және АІ топтарының 1 курс магистранттары және 1 курс журналистика факультеті студенттерімен Ғабит Мүсірепов атыңдағы балалар мен жасөспірім театрында қойылған Н. В. Гогольдің танымал туындысы "Ревизорға" барды. Шығарма желісі студенттерді қызықтырды және тәрбиелік мән берді. Жағымды әсер сыйлады.

Уезд сотының судьясы, қайырымдылық мекемелерінің қамқоршысы, қала әкімі мен оқу орындарының қараушысы міндеттерін атқаратын шенеуніктер басқаратын қала - пара алу мен пара беру нәтижесінде тәртіпсіздік пен әділетсіздікке құралған. Халық мұңы тыңдалмайтын, арыздары қаралмайтын, тұрғындардың наразылығы толы жерге жасырын тексеріс өкілі - "ревизор" жіберіледі. Оның кім екені және қашан келетіні ешкімге беймәлім. Бұны естіген бағанағы шенеуніктер өз заңсыз әрекеттерін естеріне түсіріп, өздерін қоярға жер таппай, тексерушінің кім екенін білмей дал болады. Осы сәтте жергілікті помещиктер және "жаңалық" жаршылары—Бобчинский мен Добчинский аяқ-асты кіріп келіп, жасырын келген қонақтың қала ішіндегі қонақ үйге тұрақтағанын хабарлайды. Осылайша әр шенеунік қызметтерін бөлісіп алып, қала әкімі қонақ үйге барып, "ревизормен" танысып, оны үйіне қонақ болып кетуге және жолшыбай алдын ала дайындап қойған орындар-емхана мен оқу орындарына кіре шығуға көндіреді. Ал шынайы "ревизор", басты кейіпкер, әсілінде Хлестаков емес еді. Қарызға батып, абақтыға қамалып кетпеудің уайымымен жүрген, Петербордан келген ұсақ шенеунікті кездейсоқ "ревизормен" шатастырып алып, жағымпаз басшылар жағымсып, арттарының ашылып қалмау мақсатында қолдан келгеннің бәрін істеп бағады. Ән-күй, сұлу қыздар мен дыр-думан, бірнеше шабадан толы ақша да сыйлап жібереді. Бұлардың жағымсу мақсаттарын түсінген Хлестаков пен көмекшісі Осип, жағдайды одан әрі ушықтырып, өздерін патша сарайына күнара баратын, генерал губернаторлар мен премьер-министр қонақ болып келетін—сөзі өтімді, биік лауазымды адам етіп көрсетіп, тіпті қала әкімінің қызы Марья Антоновнаға үйленетін болып, ата-анасының батасын алады. Осы тұста қазақтың біртуар ақыны-Олжас Сүлейменовтың "Айналайын" өлеңі оқылады. Оқиға соңында жалған тексеруші Хлестаков жергілікті биліктің бар жиған-тергендерін жинап алып, сан соқтырып кетеді. Көріністің бұл тұсы - 2024 жылдың көктемінде болған елдегі шұғыл жағдай "су тасқыны" салдарынан жапа шеккен халыққа жиналған жалған "Biz birgemiz" қайырымдылық қорымен әдемі ұштастырылады.

Қорыта айтқанда, екі сағаттан астам уақытқа созылған "Ревизор" қойылымы -студенттерге пара алу - қылмыс және ондай ақшаның соңы берекесіздікпен аяқталатының түсіндіреді. Бобчинский мен Добчинский тәрізді ақпаратты анық-қанығына жетпей жатып тарата беруге болмайтынын көрсетеді. Себебі дәл сол екеуінің кесірінен спектакльде "күтпеген қонақ" барлық адамды алдап кетіп, қала аяғынан тік тұрады. Онымен қоса, орыс жазушының пьесасына қазақ ақынының өлеңін қосып, әдемі ұйқастыруы - студенттерге өте ұнады. Қойылымнан алған ерекеше әсерлерінің арасында алдағы уақытта тағы да баруға ниетті болып тарқасты.
Нағиятова Л.Б.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультеті
шет тілі және аударма ісі кафедрасының доцент м.а, ф.ғ.к.
Басқа жаңалықтар