Сөз киесі мен кітап қадірі ұлықталған рухани басқосуFarabi University

Сөз киесі мен кітап қадірі ұлықталған рухани басқосу

9 ақпан, 2026

Сөзге тағзым, рухқа тағылым дарытқан мәнді кездесу әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде өтті. Шара қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, ұлт рухының жыршысы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арналды. Бұл басқосу – жай ғана еске алу кеші емес, кітаптың қасиеті мен сөздің киесін жас буын санасына сіңірген тағылымды рухани жүздесу болды.

Кездесу аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітап палатасы өкілдері арнайы келіп, студенттерге мазмұнды дәріс оқыды. Қонақтар кітаптың жарық көруінен бастап, оның ұлттық мұра ретінде тіркелуі, сақталуы мен болашақ ұрпаққа аманатталуына дейінгі күрделі үдерістерді тереңінен тарқатып айтып берді. Сондай-ақ Кітап палатасының ел руханиятындағы айрықша орны мен жауапкершілігі кеңінен сөз болды.

   Ашық форматта өткен дәріс жас журналистерге еркін ой айтуға, көкейдегі сауалдарын бүкпесіз қоюға мүмкіндік берді. Студенттер үшін бұл – кітап пен баспа ісінің ішкі әлеміне бойлап, сөзге адалдық пен қаламға жауапкершіліктің мәнін терең ұғынған сәт болды. Мұндай кездесулер болашақ мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, рухани дүниесін де байыта түсетіні анық.

   Шараның келесі кезеңі таным мен серпінді ұштастырған ерекше форматта жалғасты. Еркежан Болатқызы ұйымдастырған Tez Tap жобасы аясында интеллектуалды ойын өтті. Төрт топқа бөлінген қатысушылар білім мен тапқырлықты, жылдам ойлау мен топтық үйлесімді қатар сынға салды. Әр сұрақ студенттердің белсенділігін арттырып, аудиторияға ерекше жігер сыйлады. Ойын қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер қалдырды.

   Бұл күн Журналистика факультетінің тек кәсіби білім беретін орта ғана емес, руханият пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қасиетті орда екенін тағы бір мәрте айқындады. Мұқағали жырымен сусындап, кітап әлемінің тереңіне бойлаған жас буын үшін бұл басқосу жүректе ұзақ сақталатын, ойға ой қосқан тағылымды сәтке айналды.

   Кітапқа құрмет, сөзге адалдық, білімге деген іңкәрлік – дәл осындай рухани кездесулерде беки түсетіні сөзсіз.